Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

АЗАН ЖАЙЛЫ

27.05.2017 31250 0 пікір
АЗАН

Азан – сөздікте «хабар беру, білдіру» мағынасын білдіреді. Терминге салсақ, парыз намаздардың уақыттарын білдіретін арнайы айтылатын сөздер.

Парыз намаздары үшін оқылатын азан Құран мен сүннет арқылы белгіленген. Исламның әуелінде дәл қазіргідей азан оқылмайтын. Тек қана «әс-салата, әс-салата» (намазға, намазға), немесе «әс-Салатул-жами’аһ» (намаз адамдарды біріктіруші) секілді сөздермен білдірілетін.

Кейіннен һижреттің алғашқы жылдарында Мәдинада Пайғамбар мешіті салынып біткен кезде, сахабалар жиналып, Пайғамбарымызбен (ﷺ) бірге жамағат болып, намаз оқи бастады. Міне, сол уақытта Алла Елшісі (ﷺ) намаз уақыттарының жариялануы жайында сахабалармен мәжіліс өткізді. Кейбір сахабалар түсінде көрген азан оқылуын айтып, бұл да уахимен қуатталып, бүгінгі кездегі азан түрі пайда болды.

Ерлер үшін азан – мүәккад сүннет. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намазға (азан) шақырған уақыттарыңда олар ойынға айналдырып келеке етеді. Бұл олардың шынайы түрде түсінбейтін халық болғандықтарынан»[1]. «Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда-саттықты тоқтатыңдар»[2] – дейді. Алла Елшісі (ﷺ): «Намаз уақыты кірген кезде араларыңнан біреу азан оқып, жасы үлкені имам болсын»[3], – дейді.

 

Намаздан тыс және кейбір себептерге байланысты азан оқу – мәндүп. Бұлар:

  1. Бала дүниеге келгенде құлағына азан оқу. Алла Елшісі немересі Хазіреті Хасан туылғанда құлағына азан оқыған.
  2. Соғыс уақытында, өрт жағдайында азан оқу.
  3. Қатты ашуланған, науқастанған, жаман мінезді адамның немесе жан-жануардың құлағына азан оқу – мәндүп.
  4. Жын мен шайтан қорқынышты бір бейнеде көрінген кезде, бұлардың кесірінен сақтану үшін азан оқылады. Өйткені шайтанның азан оқылған кезде қашатындығы хадисте айтылады.

 

[1] Маида, 5/58

[2] Жұма, 62/9.

[3] Бухари, Азан, 17.