Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

Намаздың сыртқы және ішкі парыздары

03.04.2017 70389 0 пікір

Намаздың сыртқы және ішкі парыздары

 

Намаздың парыздары – он екі. Бұлардың алтауы – сыртында, алтауы – ішінде.
Намаздың сыртқы шарттары:
1. Хадасаттан тазалық.
2. Нәжісаттан тазалық.
3. Әурет жерін жабу.
4. Құбылаға бет бұру.
5. Уақыт.
6. Ниет.

 

Намаздың ішкі шарттары:
1. Ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі
2. Қиям (Тұру)
3. Қырағат (оқу)
4. Рүкүғ
5. Сәжде
6. Ақырғы отырыс
Сыртқы шарттары (парыздары)

1. Хадасаттан тазалық (Рухани тазалық)

Ғұсылы болмау, дәреті болмау, хайыз немесе нифас жағдайы – «хадас халі» деп аталады. Дәретсіздік – кіші хадас. Жүніп, хайыз, нифас – үлкен хадас. Кіші хадас немесе үлкен хадастан тазалану – ғұсы алу (жуыну), дәрет алу немесе тәйәммүм алу арқылы іске асады.

 

2. Нәжістерден тазалану (Заттық тазалық)

Намаздан бұрын дене мен киімді немесе намаз оқылатын жерде болған ластықтың тазалануы қажет. Бұл намаздың іске асуы үшін шарт. Намазға кедергі жасайтын нәжістер: ауыр нәжіс және жеңіл нәжіс болып екіге бөлінеді. Ауыр саналғандар: егер қатты болса төрт грамм салмағында, сұйық болса алақан аясынан астам жерді қамтыған мөлшер киімде, денеде немесе намаз оқитын жерде болса намазға кедергі жасайды. Жеңілге келсек, бұл дененің яки киімнің төрттен бірінен аз мөлшері намазға кедергі жасамайды.

 

3. Әуретін жабу

Әурет – шариғат терминінде қарауы харам, жабылуы парыз ұятты мүшелер. Бұл мүшелердің намазда немесе намаздан тыс жерлерде жабылуы – парыз.

Ерлердің әурет жерлері: кіндігі мен тізелерінің астына дейінгі жерлері.

Әйел үшін әурет – жүз, қол, аяқтан басқа барлық дене. Намазда бір мүшенің төрттен бірі еріксіз ашылып, «субхана Роббиәл-а'зим» дейтіндей уақыт тұрса, намаз бұзылады. Ал егер өз еркімен ашса, сол сәтте бұзылады.

 

4. Құбылаға бет бұру

Намазды құбылаға қарап оқу – шарт. Мұсылмандардың құбыласы – Меккедегі Қағба. Қағбаны көрген адам жүзін тура сол Қағбаға қаратып оқиды. Егер одан алыс болса, тікелей Қағбаға емес, соның бағытына қарай жүзін бұрады.

Қағбаның қай бағытта болғанын білмеген адам құбыланы білетін адамдардан сұрайды. Мүмкіндік болмаған жағдайда, құбыланы өз ижтиһадымен (түйсігінің итермелеуімен) табуы ләзім. Яғни, «Қағба осы тұста болуы тиіс» деп, айға, жұлдызға, т.б. қарап, намазын жобалаған жағына қарай оқуы тиіс. Бірақ, намазын бітіргеннен соң оқыған жағы құбыла болмай шықса, намазын қайта оқудың қажеті жоқ.

Құбыла жайлы қүмәнданған кісі жанында адам бола тұрып, одан сұрамай өз қөзқарасымен бір тарапқа қарай оқыса, сол оқыған жағы құбыла болып шықса, намазын қайта оқу тиіс емес. Бұрыс шықса, қайта оқуына тура келеді. Көздері көрмейтін адам да осы секілді. Құбыла жайлы жөн білетін сенімді кісінің сөзіне қанағаттанбаса да, оған сену қажет. Себебі, хабар– зерттеуден әлдеқайда басым тұрады.

Кеме немесе пойыз, ұшақтағы адам шамасы келіп, мүмкіндігі болып тұрса, құбылаға қарап оқиды. Егер кеме бұрылса, ол да құбыла жаққа қарай бұрылуы қажет. Бұрылу мүмкіндігі болмаса, алғаш тұрған жағына қарай оқиды. Егер тікелей құбылаға қарай оқитын мүмкіндік тумаса, құбылаға ең жақын бағытқа қарай оқиды. Құбылаға бұрыла алмаған науқас адамның да жағдайы осындай. Өйткені, міндеттің орындалуы атқарушының мүмкіндігіне қарай шектеледі.

Мініс атта, автомобиль мен автобуста нәпіл намазы оқылғанымен, парыз намаздарын уақыттары өтпей басқа жерде оқуға мүмкіндік бар жағдайда, аталмыш жерлерде оқуға болмайды. Өйткені, намаздың парыздарынан болған қиям мен құбыла орындалмайды. Бірақ, жері лайсаң намаз оқуға лайықсыз жерлерде ат, көліктерін тоқтатып, соның үстінде құбылаға бет бұрып, оқи алады.

Ханафи мәзһабында, екі намазды біріктіріп қосып оқу, тек қажылық мезгілінде Арафат пен Муздәлифәда ғана рұқсат етілген. Бұдан тыс жолаушылық секілді себептерге байланысты қосып оқи алмайды. Құбыла жақтан 45 шамадан (градус) артық оңға немесе солға бұрылу – құбыланың шартын бұзады. Намазда себепсіз көкірегін құбыладан бұру намазды бұзады. Егер тек жүзін бұрса, дереу құбылаға бұру керек. Мұндай жағдайда, намазы бұзылмайды. Бірақ харамға жақын мәкрүһ болады.

 

5. Уақыт

Намаз – күннің арнайы белгілі уақыттарында іске асатын парыз. Парыз намаздарға уақыт – шарт. Парыз сүннеттері, тарауих және айт намаздары үшін де уақыт – шарт. Уақыты кірмейінше, парыз намазын оқу іске аспайтыны сияқты, уақыты шыққан соң оқылған намаз да қаза деп есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етілді»[1], – дейді.

Бір намаздың ешқандай себепсіз белгіленген уақытынан кейін қаза етіп оқылуы – дұрыс емес және өте үлкен күнә. Бірақ, бір адам ұмыту немесе ұйықтап қалу себептерімен намазын оқи алмаса, қазасын өтеуі қажет. Қаза намазға бес уақыт парыз намаз бен үтір намазы кіреді. Жұма мен айт, сүннет намаздары үшін қаза қажет емес. Жұманы оқи алмаған кісі сол күннің бесін намазын оқиды.

 

6. Ниет

Ниет ету – намаздың шарттарының бірі. Ниет – намазға кіруді қалау. Адам қандай намазға кіргісі келсе, сол намазды жүрекпен білуі шарт. Адам намазға кірерде қай намаз екеніне күмәнданса, намазы дұрыс болмайды. Қайта ниет ету қажет. Ниет – жасалмақ іске жүрекпен иілу. Мұны тілмен айту шарт емес. Ғалымдардың бұл жайлы иттифақтары (ауызбірлігі) бар. Тілмен айту –  мұстахап. Сол себепті, жүрекпен ниет етумен қоса, «Мына уақыттың намазына ниет еттім» – деп тілмен айту абзал. Айтылмаса оқасы жоқ. Парыз бен уәжіп намаздарға арнайы тағайындап білдіретін ниеттің болуы қажет. Парыздың қаза намаздары да солай. Бірақ нәпіл намаздарға жеке атын атап ниет етумен қатар, жалпы ниет те жетіп жатыр.

Жамағатпен намаз оқылғанда имамға ұюға ниет ету қажет. Бірақ имамның имамдыққа ниет етуі шарт емес. Ал, жамағатқа әйелдер де қатысса, олардың намазы дұрыс болуы үшін, имам кісі оларға имам болуды ниет етуі керек.

Ниеттің ифтитах (бастау, ашу) тәкбіріне жақын болуы – абзал. Бірақ тәкбірден кейін ниет етсе дұрыс болмайды.

Ішкі парыздары

1. Ифтитах (бастау, ашу) тәкбірі

Ифтитах – бастау, жабық нәрсені ашу, ену деген мағынаға саяды. Әрі «тахрим тәкбірі» деп те аталады. Ифтитах тәкбірі – намазды бастарда алынатын тәкбір. Яғни, тіке тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағу. Түрегеп тұра алмаған кісі отырып тәкбір айта алады. Имамның жамағат естуі үшін тәкбірді жариялап айтуы – мұстахап. Тәкбір ниеттен кейін алынып, имамның тәкбірінен кейін алынуы қажет.

 

2. Қиям (түрегеп тұру)

Қиям – тіп-тік түрегеп тұру деген мағынаға келеді. Намазда негізгі парыздардың бірі саналып, әр рәкатта Құраннан бір сүре оқылатындай уақыт тұру. Бірақ аяқта тұрып намаз оқи алмаса, отырып оқуына болады. Хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «(Намазды) түрегеп тік тұрып оқы. Егер оған күшің жетпесе, отырып оқы. Оған да күшің жетпесе, сүйеніп оқы»[2].

Ифтитах тәкбірін алатындай күші жеткен адам тік тұрып, тәкбір алып, одан әрі отырып оқуына болады. Қысқасы, науқас адам түрегеп тұруға күші жетпесе отырып, отыра алмаса сүйеніп, болмаса жатып ишаратпен намаз оқи алады. Нәпіл намаздарды тұрып оқуға күші жете тұра отырып оқуға болады. Бірақ, тұрып оқуға күші жетіп жатса, әрине тұрып оқығаны абзал.

 

3. Қырағат

Қырағат – оқу деген сөз. Бұл жерде «Құран оқу» мағынасын білдіреді. Намазда оқылатын аяттың ең қысқасы имам Әбу Ханифа бойынша үш аят немесе осы үш аяттың көлеміндей бір яки екі аят. Екі мейлі төрт рәкат намаз болсын, оның тек екі рәкатында қырағат – парыз. Бірақ сол қырағатты алғашқы екі рәкатында оқу – уәжіп. Нәпіл мен үтір намаздарына келсек, олардың барлық рәкаттарында қырағат – парыз. «Фатиха» сүресін оқу уәжіп. Сондықтан «Фатиха» оқылмаса, намаз «тахрим мәкрүһ» ретінде дұрыс. Намазда «Фатиханы» оқуды ұмытқан жағдайда қателік (сәһу) сәждесін жасау керек. Намаздың негізгі тіректерін құраған қиям, рүкүғ сәжде секілді парыздарға қарағанда, қырағат – намаздың артық парызы. Сондықтан қиям, рүкүғ сәжде және соңғы отырыс мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз оқығанда тәрк етілмейді де, қырағат имамға ұйыған адамға міндеттелмейді. Хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ): «Имам – оған ұю үшін тағайындалып қойылған. Имам тәкбір айтқанда, сендер де айтыңдар, Құран оқыған уақытта, үнсіз болыңдар»[3], – дейді.

 

4. Рүкүғ

Рүкүғ – иілу деген сөз. Намаздың негізгі тіректерінен болған рүкүғ қолдарды тізеге қойып, төмен қарай иілу. Пайғамбарымыз (ﷺ) жасаған ең жақсы рүкүғ – арқа мен бастың түп-түзу иілуі. Бұл – нағыз рүкүғ.

Әбу Хумайд атты бір сахаба: «Алла Елшісінің рүкүғ еткен кезде қолдарын тізелерінің үстіне қойғанын көрдім. Арқасын да түзу ұстаған еді», – деп, Пайғамбарымыздың (ﷺ) рүкүғін сипаттаған[4].

Рүкүғте бір сәт тұру, яғни «Субхана Робиал-а’зим» деп айтатындай уақыт тұру және қайта қиямға барып түзеліп, бір сәт тұрып, сәждеге бару – уәжіп. Бұлай істеуді «тағдилул-әркан» дейді.

Имамға рүкүғте үлгерген адам түрегеп тұрып тәкбір алып, одан кейін рүкүғке бару керек. Бұл тәкбірді рүкүғке жақын алса, намазы бұзылады. Тәкбір алып, имамға рүкүғте үлгерген адам, сол рәкатты имаммен бірге оқыған саналады. Бірақ имам рүкүғте болған уақытта тәкбір алып, имам рүкүғтен тұрған уақытта, рүкүғке барған адам, ол рәкатқа үлгерген болып саналмайды. Артынан сол үлгере алмаған рәкатты имам сәлем бергеннен кейін түрегеліп жалғыз өзі оқиды.

Имамға ұйыған адам имамнан бұрын рүкүғке барып, және имамнан бұрын рүкүғтен басын көтерсе, бұл рүкүғ жеткілікті емес. Осылай имамнан бұрын рүкүғке барған адам, имам рүкүғтен тұрмай тұрып, рүкүғті қайтадан жасамаса, намазы бұзылады.

Имамның рүкүғіне үлгерген адам екі тәкбір алуға мұқтаж емес. Қиямда тұрып, «Аллаһу әкбар» деп, намазға кіріп дереу рүкүғке сол тәкбірмен барады. Бұл – бір тәкбірмен әрі ифтитахты әрі рүкүғ тәкбірін жасау деген сөз. Рүкүғте оқылатын тасбих:

سُبْحانَ رَبِّيَ العَظِيم

«Субхана раббиял-’азим» (Аса үлкен Раббым күллі кемістік атаулыдан пәк).

 

5. Сәжде

Сәжде сөздікте – бағыну, мойынсұну, кішіпейілдікпен иілу, жүзін жерге тигізу деген мағыналарға келеді. Сәжде – намаздың парызы. Сәждеде маңдай, жүз, екі аяқ пен екі қол, екі тізе жерге немесе жермен жалғасқан бір нәрсеге қойылады. Сәжде әрбір рәкатта – екі рет жасалады.

Сәждеде маңдай жерге қойылып, мұрын қойылмаса да, дұрыс деп есептеледі. Мұндай сәжде себепсіз болса, мәкрүһ. Имам Ағзам бойынша, ешқандай себепсіз маңдай жерге тимей тек қана мұрын тисе де, ол сәжде дұрыс деп саналады. Екі имам бойынша, маңдай себепсіз тимесе, сәжде дұрыс болмайды. Егер маңдай мен мұрында сәждеге кедергі жасайтын себеп шықса, сәжде ишарат, белгімен жасалады. Сәждеде екі қол мен тізені толықтай жерге тигізу – сүннет. Бірақ екі аяқтың немесе бір аяқтың саусақтары жерге тимесе, сәжде дұрыс емес. Бұл – парыз. Бір аяқтың бір саусағын ғана жерге қою немесе аяқтың үстін ғана жерге тигізу жеткіліксіз. Сол секілді сәжде етілетін жер аяқ қойылған жерден он екі саусақтай өлшемнен биік тұрса (шамамен 23 см), сәжде саналмайды. Бірақ одан төмен дұрыс. Бір мешітте адамның көптігінен немесе бір себептермен адамдар бір-бірінің арқасына сәжде ете алады.

Сәждеде қаттылық сезілу қажет. Сондықтан мақта, қар, т.б. қаттылығы сезілмейтін жұмсақ нәрсенің үстіне сәжде етілмейді. Сол сияқты күннің ыстығы мен суығы секілді себептерге байланысты таза жерге қойылған екі қолдың үстіне сәжде жасауға болады. Мұндай жағдайда сәлде немесе киімінің артығына да сәжде жасай алады.

Рүкүғ пен сәждеде, рүкүғ пен сәжде дұғаларын бір рет оқитындай уақыт тұру жеткілікті. Бұл жерде үш рет тәсбих оқитындай уақыт тұру парыз емес. Бірақ рүкүғ пен сәждеде сүннет бойынша, ең аз дегенде үш рет тәсбих оқу керек. Намазды жеке оқыған адам, одан да көп тәсбих оқуына болады. Сәждеде оқылатын тәсбих:

سُبْحان رَبِّيَ الاَعْلَى

«Субхана раббиял-а’лаа» (Аса ұлы Раббым күллі кемістік атаулыдан пәк).

 

6. Ақырғы отырыс

Намаздың соңында «тәшәһһүд» шамасындай отыру – намаздың тіректерінің бірі, яғни парыз. Тәшәһһүд шамасы деген – «әт-тахият» дұғасын оқитындай уақыт. Қанша рәкат намаз болсын ең соңындағы рәкаттан кейінгі отырыс – ақырғы отырыс деп аталады. Алла Елшісінен бізге жеткен «әт-тахият» дұғасы:

أَتَّحِيَّاتُ لله و الصَّلَوَاتُ و الطَّيِّبَاتُ ألسَّلاَمُ عَلَيْكَ أَيُّهَا النَّبِيُّ وَ رَحْمَةُ اللهِ وَ بَرَكَاتُهُ ألسَّلاَمُ عَلَيْنا وَ عَلَى عِبَادِ اللهِ الصَالِحِينَ أشْهَدُ اَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللهُ وَ أَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَ رَسُولُهُ

«Әт-тахияту лиллаһи уас-салауату уа-таййбату, әс-сәләәму ‘аләйка әйюһән-нәбию уә рахмәтуллаһи уә бәрәкатуһ, әс-сәләәму ‘аләйна уә ‘ала ‘ибәдиллаһис-саалихиин, әшһаду әл-ләә иләһә ил-лАллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән ‘абдуһу уә расуулуһ».

Мағынасы: «Барлық дұғалар, мадақтар, тәндік, дүниелік ғибадаттар Аллаға лайық. Ей, Пайғамбар! Саған сәлем. Әрі саған Алланың рақымы мен берекеті жаусын! (Ей, Раббымыз!) бізге және Алланың салихалы құлдарына Сәлем болсын. Мен Алладан өзге ешқандай құдай жоқ екеніне және Хазіреті Мұхаммедтің Алланың құлы мен пайғамбары екеніне куәлік етемін»[5].

Ақырғы отырыста тәшәһһүд шамасындай отырудың парыздығы мына хадиске сүйенеді: «Алла Елшісі ибн Масғудқа тәшәһһүдті үйреткен кезде былай деді: осыны айтқан немесе жасаған кезде намазың аяқталады»[6].

Яғни, тәшәһһүдті оқыған немесе оқитындай мезгіл отырған уақытта намазың аяқталады. Бұл жерде Алла Елшісі намаздың аяқталуын бір қимылмен байланыстырған. Ол – отыру ісі. Міне, Алла Елшісі әт-тахиятты отырған кезде ғана оқыған. Сондықтан намаздың аяқталуы отыруға байланысты.

 

Тағдил әркан

Тағдил әркан – рүкүндерді дұрыстап, орнымен жасау. Бұл – намазда, рүкүғте тұрған уақытта, сәждеде, екі сәжде арасындағы отырысқа мән беріп, сол жерлерде аздап кідіру. Бұл кідіру – кем дегенде бір рет «Субханалллаһил азим» дейтіндей мезгіл.

Пайғамбарымыз (ﷺ) намазын апыл-ғұпыл оқыған біреуге былай дейді: «Намазға тұрған уақытыңда тәкбір айт. Содан кейін Құран аяттарының жеңіл келген бір бөлігін оқы. Содан кейін көңіл толатындай рүкүғ жаса, содан кейін көңіл толатындай етіп сәжде ет. Дәл осылай намазың біткенше жаса»[7].

Тағдил әркан – Имам Әбу Юсуп пен Шафиғи, Малики және Ханбәли мәзһабтары бойынша, намаздың бір парызы. Бірақ Имам Ағзам мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша – уәжіп. Сондықтан Имам Ағзам мен Мұхаммедтің көзқарасына қарай, намазда тағдил әркан жасамаған адам қателік (сәһу) сәждесін істеуі қажет. Алла Елшісі бір хадисте былай дейді: «Намаздарыңда ұрлық жасаған кісі – ұрының ұрысы». Осы кезде сахабалар: «Ей, Алланың Елшісі! Адам намазда қалай ұрлық жасайды?», – деді. Сонда ол: «Рүкүғ пен сәжделерін толық жасамау мен рүкүғ пен сәжделерде белін жақсылап тураламау арқылы»,– деді[8].



[1] Ниса, 4/103.

[2] Бухари, Таксир, 19.

[3] Бухари, Таксир, 19; Әбу Дәәуд, Салат, 68, 175.

[4] Бухари, Азан, 120.145.

[5] Бухари, Азан, 148, Муслим, Салат, 56-60.

[6] Әбу Дәәуд, Салат, 178.

[7] Бухари, Азан, 95.

[8] Ахмад ибн Ханбәл.