Сіздің қалаңыз:
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Шам
  • Құптан

Ғ.Әмірбеков: Намазы жоққа 15 түрлі жаза бар

05.12.2016 2364 2 пікір

Намаз – Алла тағалаға жасайтын құлшылықтардың негізі. Намаз оқу арқылы пенде Жаратушының алдындағы негізгі парызын өтей отырып, өзінің екі дүниедегі қажеттіліктеріне қол жеткізеді.

Намаз – сондай-ақ, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі толысқан әрбір мұсылманға парыз.  Күнделікті бес уақыт намаз оқу арқылы біздер Алла тағаладан күнәларымыз үшін дұға етіп, кешірім сұраймыз, тілектер тілейміз.

Намаз оқудың өзіндік шарттары мен тәртіптері, белгіленген уақыттары бар. Олардың барлығы да тиісті талаптар деңгейінен көрінуі тиіс.

Кейде түрлі себептермен біздер намазды кешіктіріп, өткізіп алып, соған байланысты артынан қазасын өтеп жатамыз. Оны өзімізше түрлі сылтауларды алға тартып, өзімізді ақтауға тырысамыз. Ал намаздар өз уақытында оқылуы тиіс. Мұхаммед Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Намаздың абзалы қайсы?», - деп сұрағанда Ол: «уақытында оқылған намаз», - деп жауап берген екен. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 103-аятында: «Шындығында мұсылмандарға намазды уақытында оқу парыз етілді», - дейді. Бұдан біздер намаздың уақытылы оқылуы керектігіне дінімізде айырықша маңыз берілетіндігін байқаймыз. Ал, кімде-кім намазын ұмытып немесе ұйықтап қалса және жалқаулықпен оқымаса сол оқымаған намазының қазасын міндетті түрде оқиды. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім ұйықтап қалып, ұмытып намазын оқи алмаса, еске түскен сәтте дереу оқысын», - делінген.

Жаратушы Иеміз біздерге намаз оқып, өзіне ғана құлшылық жасауымызды бұйырады. Сондай-ақ, намаз оқу арқылы біздерді түрлі жамандықтардан сақтануға шақырады. Құранның          «Анкабут» сүресінде: «(Ей, Мұхаммед! Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз, намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды», - делінсе, тағы бір аятта: «Мен жындар мен адам баласын  тек қана маған ғибадат  етсін деп  жараттым», - дейді.

Намаз оқымау - дүние мен ақырет азабына себеп болады. Ақыреттегі азап туралы Құранда былай айтылады: «Олар жәннәтта тұрып күнәһарлардан: «Сақар жаһаннамға түсулеріңе нендей себеп болды?», - деп сұрайды. Сонда олар: «Біз намаз оқымайтын едік», - деп жауап қатады».

Дені-басы сау, ақыл-есі бүтін адамның намаз оқып келіп «кейін оқимын ғой» деп өзін-өзі алдарқатып, намазды тоқтатып қоюы – күнә. Мұны шайтанның жетегінде кетушілік демеске лаж жоқ. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әдейі намазды тастаған адамға Алла мен Пайғамбардың көмегі болмайды», - дейді. Сонымен қатар, «Кімде-кім жұма намазына немқұрайдылықпен қараса, оны үш рет тәрк етсе, Алла Тағала оның жүрегіне мөр басады», - деген.

Ғибадат – жеке өмірге мән сыйлап, қалыпты тыныс – тіршілік ағынын реттеумен қатар, адамның мәңгілік өміріне жасайтын негізгі дайындығы болып табылады. Өмірін ғибадат арқылы өрнектеп, өзіндегі әсемдік пен әдеміліктің әрін арттырған адамның жасаған тірлігі берекетке қол жеткізеді.

Ғибадат – сондай-ақ, ақыреттегі мәңгілік бақыт мекені - жәннатқа қол жеткізудегі бірден-бір себепші болып табылады. Олай болса, пенделікке салынбай, нәпсіге ауыр тигеніне қарамастан асқан сабырлылықпен ғибадат жасау - екі дүниенің де бақытын ойлаған ақылды адамның ісі болмақ.

Шындығында да, ғибадат - Алланың әмірлерін орындап, тиымдарынан қашу арқылы Оның азабынан сақтану дегенді білдіреді. Жаратушыға жан-тәнімен берілген, тақуалықта ғұмыр кешкен жанның екі дүниеде де өзіне лайықты берілер сыйы бар.

Әрине, тақуалық дегеніміз кең ұғымды қамтиды. Ол - дінді ерекше ынтамен   ұстана  отырып, әлемдегі заңдылықтарға бағынуды, жаһаннам мен жаннатқа жетелейтін амалдардан бастап, мәнсіз еліктеуден сақтануға дейінгінің барлығын толық қамтитын ұғым. Осы тұрғыдан алғанда тақуалық - адам баласы үшін абырой мен құндылықтың бірден-бір қайнар бастауы. Міне, осыған орай Алла тағала: «Алла алдында сендердің ең ардақтыларың - ең тақуа болғандарың», - дейді.

Күнделікті намаз оқып, құлшылықтар жасау кейбір жандар үшін ерекше қиындық ретінде көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, мұның еш қиындығы жоқ. Тек ерекше ынта мен ықылас қойған адамға аз ғана сабыр мен төзім жеткілікті.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім намазға жалқаулық етіп, немқұрайлы қараса, ол адамға Алла тағала 15-түрлі жаза береді. Олардың 6-уы осы дүниеде. 3-уі өлер кезде қабірде. 3-уі  қабірден шыққан соң», - делінген. Солардың ішінде, осы дүниеде алатын 6-жаза:

1. Ол кісінің дүниесінде, өмірінде береке болмас.

2. Алла тағала ол кісінің жүзінен нұрын кетірер.

3. Істеген істеріне сауап жазылмас.

4. Алла тағала ол кісінің дұғасын аспанға көтермейді.

5. Осы дүниеде адамдар арасында абыройсыз болар.

6. Ол кісі үшін біреудің еткен дұғасы қабыл болмас.

         Жан тапсырар  кездегі  3 жаза:

1. Жан тапсырар кезде қатты  қиналар.

2. Барша дүниенің тамағын  берсең де аш болып өлер.

3. Дүниедегі бар теңіздің суын берсең де, сусап, шөлдеп өлер.

     Қабірде  көретін 3 түрлі жаза:

1. Қабірі  тар болар.

2. Қабірінің іші от болар.

3. Қабірде «шужағу-л ақрағ» деген жылан шағып азаптар.

Оның көзі оттан, тырнағы темірден, тырнағының ұзындығы бір күндік жолдай, даусы күркілдеген күндей қатты болар. Ол айтар: «Алла тағала сені таң намазын оқымағаның үшін бесін намазына дейін, бесін намазын оқымағаның үшін аср намазына дейін, аср намазын оқымағаның үшін шам намазына дейін, шам намазын оқымағаның үшін құптан намазына дейін тұрып азаптауды бұйырды». Азаптаушы жылан әрбір ұрғанында күнәһар адам алпыс қарыс жердің астына дейін кіріп кетер. Жылан тырнағын қайта суытып алып, қайта ұрар. Осылайша  қиямет  күніне  дейін  намаз оқымаған адамды азапқа салар.

          Қиямет күні көретін үш түрлі азабы:

1. Ол кісінің жүзін қатты отқа күйдірер.

2. Есеп-қисап берер кезде Алла тағала ашулы көзбен қарар.

3. Алла тағала ол кісіге қатты есеп қылар да, тозақ отына тастауға әмір етер.

         Ендеше, адамның міндеті тек қана ішіп-жеу емес, Алла тағалаға құлшылық жасау екенін ешкім де ұмытпауы тиіс.

Ұлы Абай атамыз атқандай: 

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті».

Исламның бес шартының алғашқысы иман болса, екіншісі намаз. Яғни, дініміздегі алғаш парыз болған құлшылық - намаз. Намаз мағынасы мен мәні терең құлшылық. Оның ішінде Алланы мадақтау, ұлықтау, оған шүкіршілік білдіру, тәубеге келу әрі кешірім сұрап, жәрдем тілеу. 

Ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аллаға сыйыну» деген өлең жолдарынан ұлық сөздерді байқаймыз: 

 Сатқан емен,

Сатпаймын дінімді мен.

Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем.

Алла есімі-жүрегім жұдырықтай,

Жүрегімнің  соққанын  біліп жүрем.

 

Мұхаммедтің үмбеті-мұсылманмын,

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.

Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін,

Алла есімін  кеудемнен  ұшырған күн.

 

Алла-ақиқат,

Аллаға сеніп өтем.

Адалдық пен ақиқат серігі екен.

Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,

Арамдыққа баспаймын - жолы бөтен.

 Ендеше, Ұлы Алла тағаланың біздерге сыйлаған ғұмырын бос ойын, арзан күлкі, жағымсыз әдеттерге емес, осы дүниеде де, ақыретте де пайдасы тиетін ғибадатқа, ілім – білімге, ғылым үйренуге арнайық. Себебі,  білімсіз мұсылман Алла тағаланың шынайы діні – Исламның мән-мағынасын,қасиетін толыққанды түсіне алмайды. Ондай жанды қараңғыда жалғыз аяқ жолмен келе жатқан адамға ұқсатуға болар. Ал ондай жанның адасуы да оңай. Олай болса, баршамыз надандықпен күресіп, жарыққа, білім-ілім алуға ұмтылайық. Күнәдан тазарып, намазға асығайық. Намаз - екі дүниенің шырағы. Бізді осы дүниенің азабынан, ақыреттің тозағынан құтқаратын тек біздің иманымыз бен оқыған намазымыз екенін ұмытпайық дегіміз келеді.

 

 Әмірбеков Ғайырфулла Қуанышбекұлы,
Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық
«Бәйдібек» мешітінің Бас имамы

Пікірлер (2)

akmaral

Сəлеметсіздерме! менде намаз оқуға барлық жағдай жасалған жағдайым шүкір жақсы бірақ бастай алмаймын

akmaral

Сəлеметсіздерме! менде намаз оқуға барлық жағдай жасалған жағдайым шүкір жақсы бірақ бастай алмаймын