Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ: Намаз ақыретке иманмен кетуге себепкер

08.12.2016 1790 0 комментарии

Намазға арнайы көңіл бөліп, оған уақыт тапқан мұсылман шын мұсылманның бейнесін көрсете алады. Алла тағала да ондай құлын қамқорына алып, дүние қиыншылықтарынан құтқарады. Ал, ақыретте еңбегін еш етпестен, арнайы жәннаттың сыйымен сүйіншілері хақ.

Демек, адам баласы мына жалған дүниеде қалай өмір сүрсе, соған сай көз жұматыны белгілі. Адам баласы лас дүниені бағалы көріп, жалғандығына алданып жүрер болса, ол соңғы демінде де сол дүниесін уайымдап, кәлимаға тілін келтіре алмастан кете барады.

Ішімдікке салынған, жалпы жаман жолмен жүріп, ғұмыр кешірген жандар ақырғы демінде қиналысқа ұшырайтыны анық. Демек, бес уақыт намазымыз бізді мұндай қиыншылықтан құтқарып, тілімізді кәлимаға келтіріп, ақырғы демнің иманмен шығуына септігін тигізеді екен. Оған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында болған мына бір оқиғаны ғибрат үшін келтірген жөн болар.

Сахаба Абдуллаһ бин Әбу Әуфа былай дейді: «Пайғамбардың алдында отырғанда бір кісі келіп: «Уа, Расулуллаһ! Өлім халінде жатқан бір жас жігіт бар, оған «Лә иләһә иллаллаһ» десек те бір түрлі қайталап айта алмайды», - деді. Пайғамбарымыз:

-Намаз оқитын ба еді? - деп сұрады. Келген кісі:

-Иә, оқитын, - деді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз орнынан тұрды. Бізде онымен бірге орнымыздан тұрдық. Пайғамбарымыз жаңағы жігітке барды да оған:

-Лә иләһә иллаллаһ, - деп айт, - деді. Жігіт:

-Айта алмаймын.

-Неге айта алмайсың?

«Анасына қарсы келетін», - деді сонда тұрғандардың біреуі. Пайғамбарымыз:

-Анасы тірі ме? – деп сұрады. Сол жердегілер:

-Иә, тірі, - деп бас шұлғысты. Пайғамбарымыз:

«Шақырып келіңдер», - дегеннен кейін қасындағылар барып анасын шақырып келеді. Пайғамбарымыз одан:

-Бұл ауырып жатқан сіздің балаңыз ба? – деп сұрады. Анасы:

-Иә, менің ұлым, - деді. Пайғамбарымыз кейуанаға:

-Қараңыз. Мына жерге от жағып, «Егер сіз ұлыңызға шапағат қылсаңыз, ұлыңызды отқа жақпаймыз. Ал егер шапағат қылмасаңыз, онда ұлыңызды отқа жағамыз» десе, не істер едіңіз? Шапағат қылар ма едіңіз?» - деп сұрады.

-Иә, шапағат етер едім, - деді анасы. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

Олай болса, өзіңе қарсылық көрсеткен бұл ұлыңды жәһаннам отынан құтқару үшін ақыңызды адалдап, оған риза екендігіңізге Аллаһты және мені куә қылыңыз, - деді. Ана:

-Уа, Раббым! Сені және Пайғамбарыңды куә етемін. Ұлыма ризамын, ақымды адал еттім, - дейді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз ауру жігітке:

-Лә иләһә иллаллаһ уахдаһу лә шарикә ләһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ, - деп айт, - дейді. Ол әлгі сөзді бастан-аяқ қайталап, кәлима-шәһәдәтті айтады. Осыдан кейін пайғамбарымыз:

«Мен арқылы бұл жасты жәһаннам отынан құтқарған Аллаға шүкір», - деді. 

Бұл оқиғаның сарыны сізге де әсерін берді деп ойлаймыз. Міне, соңғы демінде осындай азапқа душар болған жігіт нағыз пайғамбар заманында, яғни «алтын ғасыр» кезеңінде өмір сүрген сахабалардың бірі. Қараңызшы, иман мен Исламның кемеліне жеткен кезеңнің өзінде ол кісі Аллаға жан тапсырар кезде имансыз кетуге дейін барды.

Десек де бұл кісі саңлақ сахабалардың қатарынан еді. Өйткені, ол пайғамбарымыздың көзін көріп, сол ғасырда ғұмыр кешті.  Соның арқасында соңғы деміне дейін нағыз мүмин, иманды бола білді. Назар аударып қарасақ, ол кісі соңғы демінде дініне қарсы келіп, «сенбеймін» немесе «кәлима келтірмеймін» деген сөзді мүлдем айтқан жоқ. Керісінше кәлиманы «айта алмай жатырмын» деп қиналғанын көрсетті.

Осындай қиыншылыққа душар жігітке Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қойған алғаш сұрағына қараңызшы: «Намаз оқитын ба еді?» Пайғамбарымыздың осылайша қойған алғашқы сұрағы бізді де ойлантуы тиіс. Ақыретке иманмен кетіп, мәңгілік бақытқа қауышуды қалаған адамдарды Пайғамбарымыздың бұл сұрағы кәдімгідей ойлантып, денесін дірілдетіп, рухани жан-дүниесін күйзелтері сөзсіз.

Енді сәл тоқтап ой түйейік. Иман келтіргеннен кейін «мұсылманбыз» деп мойнымызға міндет алғаннан соң қалайша ақыреттің мәңгі өмірінен қол үзбекпіз?! Тілін кәлимаға келтірген кез келген пенде өзінің өлер шағында «имансыз кетсем де болады» деп айтпайтыны ақиқат. Ертеректе аталарымыздың өзі жатса да, тұрса да «иманды етіп, тілімізді кәлимаға келтіре гөр, Алла ақырын бер!» деп Жаратқанға жалбарынумен болған.

Ақыретін ойлаған қайран ата-бабалар-ай, бұл сөздеріңіздің өзі бізге екі дүниемізге сабақ емес пе?! Демек, дүниеден иманмен өтуді аңсаған жан бабалар секілді жатпай-тұрмай ақырғы демінің кәлимамен шығуын тілейтіні шындық емес пе?! 

Міне, дүние сынағының өткелінде сұралатын нәрсе иман мен намаз екенін тағы бір еске сала кетейік. Жоғарыдағы қиссадан түсінгеніміз ата-ананың разылығын алмай, оларға қарсы шығу мен намаз оқымаудың соңы имансыз өтуге себеп болатынын білгеніміз жөн. Өйткені соңғы демде кімнің қалай өтерін тек бір Алла біледі. 

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
"Иманғали" орталық мешітінің наиб имамы