Сіздің қалаңыз:
Namaz saıty - QMDB
  • Tań
  • Kún
  • Besіn
  • Ekіntі
  • Aqsham
  • Quptan

Дәрет кітабы

13.05.2017 16336 0 пікір

Дәрет – Исламда кейбір ғибадаттарды іске асыру үшін әрі жеке басына ғибадат саналатын арнайы тазалану түрі. Бұл – белгілі бір мүшелерді жуу және мәсіх етуден тұрады. Мұсылман кісі дәретсіз намаз оқып, Қағбаны тауап ете алмайды. Құранды да дәретсіз қолмен ұстай алмайды. Бірақ ашық тұрған Құранның бетіне қарап оқи алады. Дәреттің дүниелік әрі ақыреттік пайдалары көп. Пайғамбарымыз бұл тұрғыда: «Кімде-кім әмір етілгендей дәрет алып, әмір етілгендей намаз оқыса өткен күнәлары кешіріледі»[1].

«Кімде-кім дәрет алып, жүзін жуғанда, бет мүшелері жасаған күнәлары, аяқ-қолдарын жуғанда, сол мүшелермен жасаған күнәлары су тамшыларымен бірге ағып, тап-таза болады»[2], – дейді.

 

Дәреттің парыздары
 
Құранда дәретке байланысты: «Уа, иман келтіргендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобығына дейін жуыңдар»[3] –делінген. Аятта төмендегідей төрт парыз айтылған:
  1. Жүзді жуу: бұл жерде беттің бір рет жуылуы парыз. Мұның өлшемі–шаштың шетінен басталып, иек асты мен құлақтың сырғалығына дейінгі жерлерге, сақал, мұрт және қастардың түбіне су бару керек.
  2. Екі қолын жуу: екі қолын, білегін шынтағымен қоса бір рет жуу – парыз. Саусақтарының арасын, жүзігі болса, оның астына су баруын қадағалау қажет.
  3. Басқа мәсіх ету: басының төрттен бірін су қолымен немесе басқа жерде қолданбаған таза ылғалмен бір рет мәсіх ету – парыз.
  4. Аяқтарын жуу: аяқтарын екі тобығымен бірге бір мәрте жуу–парыз.

 

Дәреттің сүннеттері
  1. Ниет ету. Дәретке іштей ниет ету – сүннет. Жүрекпен қоса тілмен ниетті айту – мұстахап.
  2. Дәретке бастаған кезде алдымен қолдарын білектеріне дейін жуу – сүннет.
  3. Дәретті «Ә’узу» және «Бисмилләмен» бастау.
  4. Мадмада мен истиншақ. Қолдарын жуғаннан кейін алдымен үш рет аузына су алып шайқап төгуді «мадмада», үш рет мұрнына су алып төгуді «истиншақ» деп атайды.
  5. Мадмада мен истиншақта тереңдік: Су мадмадада тамаққа дейін, истиншақта кеңсірікке дейін барады. Бірақ аузы берік жандарға мұны жасауға болмайды. Сонымен қатар, аузы мен мұрнына суды рет-ретімен алу, суды жаңалау, оң қолымен алу, шалқалау және аузы берік адамдар мұрнының тек жұмсағына дейін су жіберу–мүәккад сүнеттерге жатады.
  6. Мисуак қолдану. Мисуак – араб түбегінде өсетін, тісті тазалауға таптырмайтын ағаш. Ол жайында Пайғамбарымыз (ﷺ) көп өсиет еткен. Пайғамбарымыз(ﷺ): «Мисуак – ауыздың тазалығы, Раббыңның да разылығы», – дейді[4].
  7. Дәретте мүшелерін аятта берілген ретпен орындау. Яғни, алдымен қолды, бет-жүзді, содан-соң екі білекті шынтағымен жуу, басты мәсіх ету, аяқтарды жуу.
  8. Дәретті оң жағынан бастау. Алдымен оң қол және оң аяқ жуылады. Хазреті Айша Пайғамбарымыздың (ﷺ) барлық істі оңнан бастағанды жақсы көретінін айтады[5].
  9. Дәрет мүшелерін үш реттен жуу. Сондықтан не артық, не кем жуу сүннетке қайшы. Мәсіх бір рет қана жасалынады.
  10. Дәретте қолдарын, аяқтарын жуған кезде саусақ ұштарынан бастау.
  11. Саусақтарды салалау. Дәрет алғанда қол мен аяқ саусақтарының арасын салалап жуу керек.
  12. Сақалдарды салалау. Дәрет алған кезде тығыз сақалы болғандар қолдарын сақалдарының арасына кіргізіп, жоғары қарай тартып салалау керек. Қысқа немесе сирек сақалдардың араларына су кіру оңай болғандықтан жуу жеткілікті.
  13. Қаптама мәсіх – басына толық мәсіх жасау. Шынашақпен (кіші саусақ) бірге үш саусақ ұшпа-ұш келтіріліп, маңдайынан желкеге дейін осы үш саусақпен мәсіх етіп, желкеден соң алақанымен құлақ үстіндегі бастың екі жағы, сұқ саусақтарымен құлақтың ішін, бас бармақпен құлағының арты, саусақтар сыртымен мойынға мәсіх ету – сүннет.
  14. Дәрет мүшелеріне су құйып ысқылау.
  15. Дәрет мүшелерінің бәрін бір уақытта жуу. Яғни, бірі құрғамай жатып, екінші мүшені жуу.

 

Дәрет әдебі
  1. Дәрет алған кезде құбылаға қарау.
  2. Уақыт кірмей тұрып, дәрет алып, намазға әзір тұру.
  3. Дәрет алған кезде су шашырамас үшін жоғарылау жерде отыру.
  4. Дәрет алған кезде біреуден себепсіз жәрдем сұрамау. Бірақ біреу қатты қалап, құрмет етсе, әдепке қайшы емес.
  5. Дәрет алған кезде кең жүзіктерін қимылдату. Егер жүзік тар болса, қимылдатып, су кіргізу парыз.
  6. Дәретте ауыз бен мұрынға суды оң қолымен алып, сол қолымен шығару.
  7. Мойнына мәсіх тарту. Кейбір кітаптарда мойынға мәсіх тарту – мұстахап, мәндүп, әдеп деп айтылған.
  8. Мүшелерді жууға жетерліктей ғана су алу. Өзеннің жағасында жүрсең де суды ысырап етуден сақ болу. Себебі, суды ысырап ету – мәкрүһ.
  9. Дәрет алғанан кейін шаһадат сөзін айту және дұға оқу.
  10. Дәрет кезінде зәру жағдай болмаса, сөйлеспеу.
  11. Дәреттен артылған судан түрегеп тұрып, құбылаға қарап аздап су ішу.
  12. Дәреттен кейін мәкрүһ уақыт болмаса, екі рәкат нәпіл намазын оқу.

 

Дәрет мәкрүһтері
  1. Дәрет алған кезде өлшемнен тыс артық су пайдалану.
  2. Суды бетке немесе басқа мүшелерге шашыратып жуу. Бұл әдепсіздікке жатады.
  3. Дәрет алу кезінде орынсыз сөйлеу.
  4. Лас жерде дәрет алу.
  5. Мұқтаж болмаса да басқалардан жәрдем сұрап, дәрет алуға су құйдыру.
  6. Аузы берік адамның мадмада мен истиншақта шектен тыс су тартуы. Мұнда тамаққа су кету қаупі бар.

 

 

 

 

 

[1] Бухари, Уду’,28.

[2] Муслим, Таһарат, 32.

[3] Маида, 5/6.

[4] Бухари, Саум, 27.

[5] Бухари, Салат, 47.