Намаз – күнәлардың кәффараты
Расулуллаһ (с.ғ.с.) айтады: «Қиямет күні пенденің амалдарынан есепке ең әуелі намазы алынады. Егер намазы дұрыс болса, онда қалған амалдары дұрыс болып есептеледі. Ал намазы дұрыс болмаса, онда басқа амалдары да дұрыс болмайды».
Хадистi Абдуллаһ ибн Қурттан (р.а.) имам Табарони риуаят еттi.
Жәбир ибн Абдуллаһ (р.а.) айтады: «Біреу Нәбиге (с.ғ.с.): «Пәленше түнде намаз оқып, азанда ұрлық жасайды»,-дегенде, Нәби (с.ғ.с.): «Жақын арада намаз оны ұрлықтан тыяды»,-деді».
Хадистi Жәбир ибн Абдуллаһтан (р.а.) имам Баззар риуаят еттi.
Салман (р.а.) айтады: «Бірде Расулуллаһ (с.ғ.с.) былай деді: «Бір мұсылман дәретін дұрыс алып, кейін бес уақыт намазын оқыса, күнәсі мына жапырақтар төгіліп түскендей жуылып-шайылады». Кейін: «Күндіздің бастапқы және кешкі уақыты мен түн мезгілінде намаз оқы. Расында жақсылық жамандықты кетіреді. Бұл Хақ тағаланы есіне алатындар үшін ақыл, өсиет»,-деген аятты оқыды».[1]
Хадистi Салманнан (р.а.) имам Ахмад риуаят еттi.
Расулуллаһ (с.ғ.с.) айтады: «Пенде ауыр күнә iстеуден сақтанса, бес уақыт намаз, бір жұма намазы келесі жұма намазына дейін, бір Рамазан[2] екінші Рамазан айына дейін арада iстелген жеңiл күнәлардың кәффараты[3] болады».
Хадистi Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Мүсілім риуаят еттi.
Расулуллаһ (с.ғ.с.) айтады: «Осы бес уақыт парыз намазды өз уақытында оқыған адам ғапылдар[4] қатарында жазылмайды».
Хадистi Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Ибн Хузайма риуаят еттi.
Бір күні Нәби (с.ғ.с.) намаз жайында сөз етіп, былай деді: «Кім намаз оқыса, намазы қиямет күні ол үшін нұр, дәлел және тозақтан құтылады. Ал, намаз оқымағанның қиямет күні нұры, дәлелі және тозақтан құтыла алмайды. Сонымен қатар намаз оқымаған адам қияметте Перғауын,[5] Һаман[6] және Убай ибн Халфпен[7] бірге болады».
Хадистi Абдуллаһ ибн Әмірден (р.а.) имам Ахмад және имам Табарони риуаят еттi.
Әбу Мәлік Әл-Әшжәи әкесінен (р.а.) былай деп риуаят етеді: «Нәбидің (с.ғ.с.) заманында біреу Исламды қабылдаса, адамдар оған намазды үйрететін».
Хадистi Әбу Мәліктен (р.а.) имам Табарони риуаят еттi.
Әбу Умама (р.а..) айтады: «Нәбиден (с.ғ.с.): «Уа, Расулуллаһ! Дұғаның қайсысы қабыл?»,-деп сұралғанда, Ол: «Түннiң соңғы бөлiгiнде және парыз намаздардың соңында iстелген дұға»,-деп жауап бердi».
Хадистi Әбу Умамадан (р.а.) имам Тирмизи риуаят еттi.
Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Бес уақыт намаз – солардың арасында істелген күнәнің кәффараты»,-деп, кейін былай деді: «Мәселен, бір шеберханада істейтін адамды алайық. Оның үйі мен шеберхананың арасында бес өзен бар. Ол шеберханаға барып, Аллаһ тағаланың қалауымен, жұмыс істегенде үстін шаң мен тер басады. Үйіне қайтқанда ол әрбір өзеннен (жүзіп) өтіп бара жатып, сонда шомылады. Сондықтан да оның денесінде ешқандайда кір қалмайды. Намаз да сол тәрізді. Пенде күнә істесе, дұға етіп,[8] жарылқау тілейді. Сонда оның намаздан бұрын істеген күнәсі кешіріледі».
Хадистi Әбу Саид Әл-Худриден (р.а.) имам Баззар және имам Табарони риуаят еттi.
Зайд ибн Сәбит (р.а.) айтады: «Бізге әр намаздың соңында 33 рет «субханаллаһ»,[9] 33 рет «әлхамдулилләһ»[10] және 34 рет «Аллаһу әкбар»[11] деп айту әмір етілген еді. Бірде ансардың[12] бірі түс көріп, түсінде біреу оған: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) сендерге әр намаздың соңында 33 рет «субханаллаһ», 33 рет «әлхамдулилләһ» және 34 рет «Аллаһу әкбар» деп айтуды әмір етті ме?»,-деді.
- Иә.
- Соның әрбірін жиырма бес мәртеден айтып, соған қосымша жиырма бес рет «лә иләһә илләллаһ»[13] деп айтыңдар.
Таңертең әлгі ансар Нәбиге (с.ғ.с.) барып, түсінде көргенін айтып берді. Сонда Нәби (с.ғс.): «Сол айтылғандай істеңдер»,-деді».
Хадистi Зайд ибн Сәбиттен (р.а.) имам Тирмизи риуаят еттi.
Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір күні кембағал муһажирлердің[14] бiр тобы Нәбиге (с.ғ.с) келiп: «Уа, Расулуллаһ (с.ғ.с.) ! Дәулеттiлер о дүниенiң барлық дәрежесi мен шаттығын иеленiп алатын болды»-деді.
- Қалайша?
- Олар да бiз тәрізді намаз оқып, ораза ұстайды. Алайда, соған қоса садақа беріп, адамдарды құлдықтан азат етеді. Ал біз садақа беріп, біреуді құлдықтан азат ете алмаймыз.
- Сендерге игiлiк істеуде сендерден озып кеткендердi жетiп алатын және артта қалғандардан одан әрі оздыратын істі үйретейін бе? Содан соң сендер істегендей істемейінше ешкім сендерден асып түсе алмайды.
- Уа, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Әрине!
- Әр намаздан соң отыз үш реттен Аллаһ тағаланы кемшiлiктен пәктеп, Оған мақтау айтып, ұлықтаңдар.[15]
Бiр шама уақыт өткеннен кейін әлгi кембағал муһажирлер Нәбиге (с.ғ.с.) келіп: «Бiз тәсбих тартып жүргенiмiздi естiп, дәулеттi бауырларымыз да тәсбих тартатын болды»,-дегенде, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Бұл – Хақ тағаланың жарылқауы. Аллаһ тағала оны қалаған пендесiне нәсiп етедi»,-дедi».
Хадистi Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Мүсілім риуаят еттi.
Расулуллаһ (с.ғ.с.) айтады: «Кiм әр намаздың соңында 33 рет Аллаһ тағаланы кемшіліктен пәктеп, 33 рет Хақ тағаланы мақтап және 33 рет Жаратушы иені ұлықтаса, осының бәрі 99 рет болады, кейін жүзiншi ретiнде: «Аллаһтан басқа тәңiр жоқ. Ол жалғыз. Оның серiгi жоқ. Барлық иелiк және мақтау Оған тән. Оның құдiретi барлық нәрсеге жетедi»,-десе, оның күнәсi, тіпті, теңiздiң көбiгiндей сапырылысып жатса да кешiрiледi».
Хадистi Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Мүсілім риуаят еттi.
Әс-Саиб (р.а.) Әлиден (р.а.) риуаят етіп айтады: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) Фатиманы (р.а.) Әлиге (р.а.) ұзатқанда, жасауы етіп бір жапқыш, құрма талдың талшығымен толтырылған тері жастық, екі диірмен тас, бір шанаш пен екі құмыра берген болатын. Бір күні Әли (р.а.) Фатимаға (р.а.) келіп: «Аллаһ тағаламен ант етемін! Мен құдықтан су аламын деп кеудемді ауырттым. Аллаһ тағала әкеңе тұтқындары нәсіп етті. Барып, бізге бір қызметші сұрасаң болар ма еді?»,-дегенде, Фатима (р.а.): «Құдай ақы! Мен де ұн тартамын деп қолдарым ойылып кетті»,-деді. Осыдан соң Фатима (р.а.) Нәбиге (с.ғ.с.) келді. Нәби (с.ғ.с.): «Не шаруамен келдің, қызым?»,-деп сұрағанда, ол қызметшіні сұрауға ұялып: «Сізге сәлем берейін деп келдім»,-деп, қайтып кетті. Әли (р.а.): «Не болды?»,-деп сұрағанда, Фатима (р.а.): «Қызметшіні сұрауға ұялдым»,-деді. Осыдан соң олар Нәбиге (с.ғ.с.) бірге барып, Әли (р.а.): «Мен құдықтан су аламын деп кеудемді ауырттым»,-десе, Фатима (р.а.): «Мен де ұн тартамын деп қолдарым ойылып кетті. Аллаһ тағала сізге тұтқындарды нәсіп етіп, кеңшілігін сыйлады. Бізге қызметке адам берсеңіз»,-деп өтінді. Сонда Пайғамбарымыз:
- Аллаһ тағалаға ант етемін! Оларды сендерге берсем, онда суффалықтар
құр қалады. Олар аш. Ал менің оларға берерім жоқ. Сондықтан да мен тұтқындарды сатып, ақшасын соларға жұмсаймын.
Осыдан соң Әли (р.а.) мен Фатима (р.а.) қайтып кетті. Нәби (с.ғ.с.) оларға келгенде, олар кішкентай ғана жапқышпен жамылып жатқан болатын. Ол жапқышпен басты жапса, аяқ, ал аяқты жапса, керісінше, бас ашылып қалатын. Олар жатқан жерінен тұра берген еді, Нәби (с.ғ.с.): «Жата беріңдер. Сендерге менен сұраған нәрседен абзалын айтайын ба?»,-деді.
- Әрине, айтыңыз!
- Жәбірәйіл (ғ.с.) маған бірнеше сөз үйретті. Әр намаздан соң 10 рет «субханаллаһ», 10 рет «әлхамдулилләһ» және 10 рет «Аллаһу әкбар» деп айтыңдар. Ал ұйқыға жатқан уақытта 33 рет «субханаллаһ», 33 рет «әлхамду лилләһ» және 34 рет «Аллаһу әкбар» деп айтыңдар».
Әли (р.а.): «Аллаһ тағаламен ант етемін! Расулуллаһ (с.ғ.с.) маған осы сөздерді үйреткелі, мен оларды айтпай қалдырған кезім жоқ»,-дегенде, Ибн Әл-Кауа (р.а.): «Сол сөзді тіпті Сиффин шайқасы болған түні де айттың ба?»,-деді. Сонда Әли (р.а.): «Уа, ирактықтар! Сендерді Аллаһ тағала жазаласын! Иә, тіпті Сиффин шайқасы болған түні де»,-деп жауап берді.
Хадистi Әс-Саибтен (р.а.) имам Ахмад риуаят еттi.
Сахих хадистер
Тәржімалаған Абдуссамад Махат
[1] «Һуд» сүресі, 114 аят.
[2] Яғни, Рамазан айындағы ораза.
[3] Өтеуі, күнәларды жуып-шаятын ісі.
[4] Ғапыл – дін мәселесінде бейғам болған адам.
[5] Перғауын – Мұса (ғ.с.) пайғамбардың заманында өзін «құдаймын» деп жариялаған залым патша.
[6] Һаман – сол залым патшаның уәзірі.
[7] Убай ибн Халф – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қас жауы.
[8] Намазда.
[9] Аллаһ тағала кемшіліктен пәк.
[10] Аллаһ тағалаға мақтау болсын.
[11] Аллаһ тағала – ұлық.
[12] Ансар – мәдиналық мұсылман.
[13] Аллаһ тағаладан басқа тәңір жоқ.
[14] Муһажир – Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге Меккеден Мадинаға қоныс аударған мұсылман.
[15] Яғни, тәсбих тартыңдар.