Исламды қабылдап, мұсылман болған күні мешіттің имамы маған намаз оқудың үлгісі түсіндірілген кітапты сыйға берді. Осы сәтте мұсылман балаларының да намазға деген ынта-ықыластарының жоғары екенін байқадым. Олар маған: «Асықпаңыз, өзіңізді ерікті сезініңіз, намазды жайлап-жайлап уақытымен үйрене бастайсыз», - деді. Мына сөзді естігеннен кейін өз-өзіме: «Намаз оқу соншалықты қиын ба?» - деп сауал тастадым.
Әлгі мешіттен тәлім алып жүрген балалардың «асықпаңыз» деген сөзін тыңдамастан дереу бес уақыт намазды бастап кетуге іштей шешім қабылдадым. Сол күні кешке күңгірт те шағын бөлмемде отырып, имам берген кітаптан дәрет алу мен намаз оқудың үлгілерін өзімше жаттыққан болып жасап көрдім. Тіпті, намазда оқылатын қысқа сүрелердің арабша оқылуымен ағылшынша мағыналарын да жаттауға әрекеттендім. Бұл ықыласты әрекетім біраз сағаттарға ұласты.
Алғашқы намазды оқи алатыныма сенімім нақтыланғаннан кейін құптан намазын оқуға бел будым. Уақыт болса, түннің бір уағы. Намаз кітабын қолыма алып, жуынатын жерге кірдім. Алғаш тамағын жасауға кіріскен аспазшы секілді, мен де кітаптағы көрсетілген тәртіптерге қарап мұқият әрі асқан сезімталдықпен дәрет ала бастадым.
Дәрет алып болғаннан кейін есік-терезені тарс жауып, көңілімнің ығына қарай құбыла жаққа бет бұрдым. Терең бір тыныс алып, қолымды құлаққа көтеріп дауыстай «Аллаһу әкбар» деп алғашқы тәкбір алдым. Шыны керек, өзге біреудің мына жасаған құлшылығымды сыртымнан тыңдап, бақылағанын еш қаламадым. Жайлап қана «Фатиха» сүресі мен қосымша қысқа бір сүрені арабша оқығандай болдым. Егер бір араб ұлты мына оқыған сүремді сыртымнан еститін болса, «ай ешнәрсе түсінбейтін шығар» деп іштей ойлап қоямын.
Сосын «Аллаһу әкбар» деп еңкейіп рукуғқа бардым. Рукуғда кәдімгідей мазасыздықты сезіндім. Өйткені, өмірімде дәл бұлай ешкімге иілмеген пенде болатынмын. Бір жағы бөлмеде жалғыз болғаныма да қуанып қоямын. Рукуғта тұрып «Субханараббиәл-азыим» деген кезімде жүрегім кәдімгідей дүрсілдей түсті. Сосын тәкбір алып сәжде ету үшін қайта бойымды тіктедім.
Сәжде жасайтын уақыт та таяды. Сәждеге бару үшін тіземді және қолымды жерге қойғанда тұла бойым еріксіз мұздады. Соның әсерінен сәждеге бара алмай тұрып қалдым. Қожайынына құлдық ұрған қара құл секілді мұрнымды жерге қойып, өзімді қорлаған жағдайға келгендей күйдемін. Оның үстіне аяқтарым да шыдамай барады. Күлкілі жағдайға тап болдым-ау деп түсіндім өз әрекетіме қарап.
Мына жағдайымды достарым немесе таныстарым көрсе, олардың алдында аянышты жағдай немесе кемсітушілік тудырарын да сезіндім. Достарым болса, мұныма қарап, мазақтан рахаттана күліп жатқандай елесті күй кештім.
«Сан-Францисконы арабтар жеңіп, сосын осындай халге түсті» деген секілді қиялдан сөздер айтылып, бишаралық жағдайға түскенімді де сезінгендей болдым. Бір сәт батылсыздық танытқаннан кейін тағы да терең дем тарттым да басымды сәждеге қойдым. Ойымдағы бүкіл тар түсініктерді шығарып тастадым. Сосын санамды сан саққа жетелейтін ойларға орын қалдырмастан екінші сәждеге бардым.
Ішімнен өз-өзіме: «Алдымда әлі үш рәкағат бар. Не болса да осы бастаған намазымды аяқтаймын» дедім шешінген судан тайынбастың кейпін киіп. Осыдан кейін қалған намаздың рәкағаттары жайлап жеңіл келе бастады. Соңғы сәждеде ерекше бір рахат пен тыныштықты сезіндім. Намаздың соңғы отырысынан кейін тәртіп бойынша екі иығыма сәлем бердім.
Сол отырған жерден еш тапжылмадым. Жай отырмастан әлгі намаз кезінде нәпсіммен болған күресті ойыма түсіріп, ақыл таразыма салдым. Былай айтқанда, бір соғыстан шыққандай сезіндім бұл күйімді. Сосын басымды алдыма қарай қысылған кейіппен иіп: «Аллаһым! Тар түсінігімнен және тәкаппарлығымнан болған әрекеттерімді кешіре гөр. Мен саған алыс жерден келдім. Алдымда басып өтер ұзын жол тұр» дедім жалына жалбарынып.
Дәл осы сәтімде бұған дейін болмаған бір нәрсені сезіндім. Дегенмен, мұны сөзбен айтып жеткізу де мүмкін емес. Жүрегімнен шыққан нәрсені түсіндіруде әлсіз қалғаннан ішімде суық судай толқыныс пайда болды. Алғашқыда біраз іркілдім. Соның әсерінен бе, өн бойымда ақылға сыймайтын жағдай орын алып, сонда барып мейірімділіктің бар екендігін сезіндім. Сол мейірім шуағы ішіме еніп қайнай бастады.
Неге екенін білмей, еріксіз өздігімнен егіле жылай бастадым. Жылаған үстіне жылап, көз жасым шыққан сайын мейірім мен рахаттан үлкен бір құдіреттің мені баурағанын сездім.
Күнәһар болғаным немесе күнәларымнан қымсынып яки болмаса ұят пен қуаныштан да жылап тұрғаным жоқ. Бәлкім жүрек көзім ашылғаннан болар, ішімдегі қорқыныш пен кедергілер сел секілді көз жасыммен ағып жатты. Осы бір сәттерімді қағазға түсіріп жатып: «Алланың мейірімі мен кешірімі тек қана күнәларды шайып қана қоймайды, ол бір жан-дүниеге шипа», - дедім. Ұзақ уақыт басым иілген түрде тізерлей ой үстінде отырдым.
Еріксіз шыққан көз жасым тоқтағаннан кейін мына тіршілік кешкен ғұмырымда жай ақылмен шектелудің мүмкін еместігін түсіндім. Іс жүзінде мен үшін мына жалған дүниеде орындауым керек болған маңызды нәрсе ол Аллаға және намазға қатты мұқтаж екенімді білдім.
Міне, сол орнымнан тұрмастан мейірімді Аллаға алақанымды жайып: «Жаратқан Раббым! Мұнан кейін бір күпірлікке бет алар болсам, мені сол күпірлікке кірместен жанымды алып, мына өмірден құтқар. Әрине мына дүниеде қатесіз, кемшіліксіз өмір сүрудің оңай емес екенін түсінемін. Бірақ мынаны жақсы білемін, егер тіршілік кешер тағы бір күнім болса, жаратқан Раббым сенсіз күнімді өткізу, құдіретіңді жоққа шығаруым мүмкін емес», - деп алғашқы намазымнан кейін осылай дұға жасадым.
Дайындаған Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы