Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

Тазалық кітабы

22.05.2017 24726 0 пікір
Тазалық және көлемі

Ислам діні тазалыққа үлкен мән берген. Алла Тағала құзырына шығу үшін дене, киім және намаз оқитын жердің, жүректің тазалығын әмір еткен. Құранда тазалыққа үлкен мән бергендер мақталған және бұл Алланың сүйіспеншілігіне лайық іс екені айтылған: «Сөзсіз, Алла тәубе еткендер мен тазаланғандарды сүйеді»[1].

Пайғамбарымыз тазалықтың маңыздылығы жайлы былай дейді: «Тазалық – иманның жартысы[2]».

 

Тазалау жолдары
  1. Су арқылы тазалау. Су – негізгі тазартушы. Тазалық үшінқолданылатын су: қар, бұршақ, жауын, құдық, теңіз, өзен, бұлақ, көл, сел сулары. Судың үш сипаты бар: реңі, исі, дәмі. Реңі өзгермеген, исі шықпаған, дәмі бұзылмаған су – таза.
  2. Сұйық заттар: гүл суы, лимон, анар секілді жеміс суларымен киім және денедегі ластықтарды тазартуға болады. Бірақ дәрет, ғұсыл алынбайды. Сол секілді дәрет пен ғұсылда қолданылған су «қолданылған су» деп аталады. Мұндай сумен ластықты тазалауға жараса да, дәрет, ғұсыл алынбайды.
  3. Сүрту арқылы тазалау: Пышақ, леген, шыны, т.б. сол секілділер кірленгенде топырақ немесе ылғал матамен ластық кеткенге дейін сүртсе, таза деп есептеледі. Мысалы, қой сойған пышақты жақсылап топыраққа ысқылап сүртсе, таза. Мұндай пышақты беліне байлап, намаз оқыса, намазы дұрыс. Дәлеліміз: Сахабалар соғыста дұшпанмен айқасып, кейіннен қылыштарын сүртіп, намаз оқыған.
  4. Отқа қою арқылы тазалау: Темірде қан секілді лас нәрселер болса, оны темірді отқа қою арқылы тазалауға болады.
  5. Доңыздан басқа кез-келген өлген хайуанның терісі иленсе, таза. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Кез- келген тері иленсе, таза»[3].
Таза саналған нәрселер

Исламда жер, су, өсімдіктер, ағаштар, жемістер, доңыздан басқа барлық жан-жануарлардың сыртқы денелері, тірі иттің жүні мен терісі таза. Сондықтан бұларға тиген су да таза саналады. Көгершін секілді жеуге болатын құстардың саңғырығы таза. Көкте ұшқан бір көгершін Ибн Омарға саңғып кеткенде, саңғырықты  сүртіп тастап, намаз оқығаны осыған дәлел. Көшедегі адамдарға шашыраған су таза. Өйткені, бұдан сақ болу қиын. Мұндай киіммен намаз оқуға болады. Бірақ, лас су екені анық білінсе, ол басқа мәселе.

Нәжістер (таза саналмаған нәрселер)

Намазға кедергі жасайтын нәжістер: ауыр нәжіс және жеңіл нәжіс болып екіге бөлінеді. Ауыр саналғандар: егер қатты болса, төрт грамм салмағында, сұйық болса, алақан аясынан астам жерді қамтыған мөлшер киімде немесе намаз оқылатын жерде болса, намазға кедергі жасайды. Жеңілге келсек, бұл дененің яки киімнің төрттен бірінен аз мөлшері намазға кедергі жасамайды.

Ауыр ластық (нәжіс)
  1. Адамның кіші, үлкен дәреті, уәди, мәзи, мәни, және ауыз толы құсық, денеден шыққан қандар, хайыз,нифас, истихада қандары.
  2. Тауық, қаз, үйректің саңғырықтары.
  3. Еті жеуге болмайтын хайуандардың тезектері мен лас сулары, сілекейлері және барлық жан-жануарлардың қандары.
  4. Ішімдік. Киімге, денеге жұқса, тазалау қажет.
  5. Арам өлген мал.
Жеңіл ластық (нәжіс)
  1. Етін жеуге болатын қой, ешкі, жылқы секілді жануарлар мен жабайы аңдардың тезектері, лас сулары – Әбу Юсуп мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша, жеңіл ластық.
  2. Етін жеуге болмайтын бүркіт, сауысқан секілді әуеде ұшқан құстардың саңғырықтары.
  3. Әрбір малдың өті – сол малдың ластығы.

 

Әжетхана әдебі

Әжетханаға кірерде Пайғамбарымыздың мынадұғасы оқылады:

أللَّهُمَّ إنِّي أعُوذُ بِكَ مِنَ الْخُبْثِ وَالْخَبَائِثِ

 «Аллаһумма инни ә’узу бика минал-хубси уал-хабаис» – «Аллаһым, ластықтан және лас нәрселерден саған сиынамын».

 

Бұдан кейін ішке кірерде – сол аяқпен, шығарда – оң аяқпен шығу. Дәрет сындырған адам сол қолын пайдалану керек. Пайғамбарымыз () оң қолмен алуға тыйым салған. Сыртқа шыққан кезде:

ألْحَمْدُ لَّهِلِ الَّذِي أذْهَبَ عَنِّي الاَذَي وَ عَافَاني

«Әлхамду лилләһил-ләзи әзһәбә ‘аннил-әзә уә ‘аафани», «Қиындықтан арылтып, жеңілдікберген Аллаһқа шүкір» дұғасы оқылады.

 

Ел жүретін жерге дәрет сындыру дұрыс емес. Пайғамбарымыз (): «Кімде-кім мұсылмандардың жүрген жолына дәрет сындырса, Алла мен періштелер және барлық адамдар оған лағынет етсін»[4]– деп қатты ескерткен.

Әжетханада Құран оқымау, сөйлемеу керек. Құбылаға қарап немесе арқасын беріп отыруға болмайды.

 

Истинжа

Истинжа – қан, мәни, үлкен дәрет, кіші дәретсияқты ластықтардан тазалану. Су арқылы, сақарада кішкене таспен де тазалауға болады. Пайғамбарымыздан () сұрағанда: «Су мен тас арқылы» деп жауап берген[5]. Бірақ көмір, сүйекпен тазалау – мәкрүһ. Арнайы жасалған әжетхана қағазы және басқа да қағаздар жарамды.

 

Истибра

Истибра – кіші дәрет қалдықтарынан түгелдей арылу. Кіші дәретке истибра жасау – сүннет. Истибра дәрет алмастан бұрын аздап күту, жүру, жөтелу арқылы жасалады. Бұл – ер кісілерге байланысты іс. Истибраға мына хадис дәлел: «Алла Елшісі () екі қабірдің жанынан өтті де, былай деді: «Олар азап шегуде. Азабы үлкен бір іс үшін емес. Кіші дәрет сындырғаннан кейінистибра жасамайтын»[6].

 

[1] Бақара, 2/222.

[2] Муслим, Таһарат,

[3] Муслим, Хайыз, 105; Әбу Дәуд, Либас, 38.

[4] Мәжмәу´з-Зәуәид, І.204.

[5] Зуһайли.әл-Фиқһул-Ислами уә Әдиллатуһ. Димашқ.1985. І,196.

[6] Бухари,Уду´, 55-56.