Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

Истихара намазы

22.05.2017 851347 0 пікір

Истихара сөзі – бір нәрсенің жақсысын, қайырын, игілігін тілеу. Истихара намазы жақсы істердің қайсысы өз үшін қайырлы әрі жақсы болатындығына рухани ишарат білу мақсатымен оқылатын екі рәкат намаз.

Алғашқы рәкатта «Кафирун», екінші рәкатта «Ықылас» сүресін оқу – мұстахап. Намаздан кейін «истихара» дұғасы оқылады. Дұғаны оқығаннан кейін жүрегінің қанағат еткеніне қарай әрекет етеді.

Осы намаздың дәлелі мынау: Жабир ибн Абдилла: «Алла Елшісі () Құраннан сүре үйреткендей истихараны үйретіп былай деді: «Кімде-кім бір іс жасамаққа ниеттенгенде, парыздан тыс екі рәкат намаз оқып, мына дұғаны оқысын:

Оқылуы:

أللهُمَّ اِنِّى اَسْتَخِيرُكَ بِعِلْمِكَ وَ اَسْتَقْدِرُكَ بِقُدْرَتِكَ وَ اَسْئَلُكَ مِنْ فَضْلِكَ الْعَظيمِ فَاِنَّكَ تَقْدِرُ وَ لاَ اَقْدِرُ وَ تَعْلَمُ وَ لاَ اَعْلَمُ وَ اَنْتَ عَلاَّمُ الْغيوبِ. أللهُمَّ اِنْ كُنْتَ تَعْلَمُ اَنَّ هَذا الأَمْرَ خَيْرٌ لي في دِينِى وَ مَعَاشِي وَ عاقِبَةِ اَمْرِى وَ عاجِلِ اَمْرِى وَ آجِلِهِ فاقْدُرْهُ ليِ وَ يَسِّرْهُ لي ثُمَّ بٍارِكْ لِيَ فِيهِ.وَ اِنْ كُنْتَ تَعْلَمُ اَنَّ هَذا الاَمْرَ شَرٌّ لي في ديني وَ مَعاشِى وَ عاقِبَةِ اَمْرِى وَ عاجِلِ اَمْرِى وَ آجِلِهِ فاصْرِفْهُ عَنِّى وَاصْرِفْنِى عَنْهُ فاقْدُرْ ليَِ الْخَيْرَ حَيْثُ كانَ ثُمَّ اَرْضِنِى بِهِ

«Аллаһуммә инни әстажирукә би илмикә уә әстақдирукә би қудрәтикә уә әс-әлукә мин фадликәл-азим. Фә иннәкә тақдиру уә ләә ақдиру уә та'ләму уә ләә а’ләму уә әнтә алламул-ғуйууб. Аллаһуммә. Ин кунтә та’ләму әннә һәзәл-әмрә хайрун ли фи дини уә мә-аши уә ақибәти әмри уә аажили әмри уә әәжилиһи фақдирһу ли уә иассирһу ли суммә баарик ли фиһи. Уә ин кунтә та’ләму әннә һәзәл-әмрә шәррун ли фи дини уә мә-аши уә ақибәти әмри уә аажили уә әәжилиһи фәс-рифһу анни уәс-срифни анһу фақдур лиәл-хайрә хайсу кәнә суммә ардини биһи»

«Аллаһым! Іліміңе сеніп, мен Сенен ниеттенген ісімнің жақсылығының белгісін тілеймін. Құдіретіңе сеніп, Сенен күш-қуат сұраймын. Жақсылыққа жетуімді сенің асқан рақымдылығыңнан тілеймін. Өйткені, Сенің барлық нәрсеге күшің жетеді. Менің күшім жетпек емес. Сен күллі нәрсені білесің. Мен білмеймін. Сен ғайып әлемді тұтас білесің. Аллаһым! Сен бұл іс менің дінім, өмірім, ісімнің ақырын немесе дүние мен ақыретіме пайдалы болса, осыны маған нәсіп ет. Одан кейін маған мол береке бер. Ал егер бұл іс менің дінім, өмірім, ісімнің ақырына және дүние мен ақырет әлеміме жаманат әкелетін болса, менен алыстат. Мені де одан алыстат. Жүрегімде оған деген иілу ізін қалдырма. Жақсылыққа, тек жақсылыққа жеткіз. Содан кейін онымен мені разы ет».

Осыдан кейін мәселе айқындалмаса, намаз бен дұғаны жеті күн қайталау қажет. Пайғамбарымыз (ﷺ) Әнасқа былай дейді: «Әнас! Бір іс жасағың келсе, Раббыңа истихара намазы мен истихара дұғасын жеті рет қайтала. Содан кейін жүрегің қалағанын ойла. Жақсылық сол жерде».

Истихара намазын күндіз оқуға болатыны сияқты толық ынта бөліп, кешке жатардың алдында да оқуға болады. Алла Тағала білінуі үміт етілген істі түсінде ишарат жолдары арқылы білдіруі мүмкін. Жоғарыда көрсетілген истихара дұғасының арабшасын айту шарт емес. Қазақша мағынасын айтса да болады.