- Намаз кітабы
- НАУҚАС АДАМДАР НАМАЗДАРЫН ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?
- ЖОЛАУШЫНЫҢ НАМАЗЫ
- ИМАМҒА КЕШІГІП ҰЙЫҒАН АДАМ НАМАЗЫН ҚАЛАЙ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ?
- ЖАМАҒАТПЕН НАМАЗ
- НАМАЗ МӘКРҮҺТЕРІ
- НАМАЗ ӘДЕПТЕРІ
- НАМАЗ СҮННЕТТЕРІ
- НАМАЗДЫҢ УӘЖІПТЕРІ
- Намаздың сыртқы және ішкі парыздары
- Намаздың парыз болу шарттары
- Намаз уақыты
- Намаз түрлері
- Намаз жайлы
- Намаз түрлері
НАМАЗ СҮННЕТТЕРІ
НАМАЗ СҮННЕТТЕРІ
Сүннет – Алла Елшісінің үнемі жасаған және ешқандай себепсіз тастамаған немесе кейде себепсіз жасамаған сөз бен іс-әрекеттері. Намазда «субханака» дұғасын оқу, т.б. іс-әрекеттер – сүннет. Сүннеттің орындалуында сауап бар. Жасалмаса жаза жоқ. Тек қана айыпталады. Намаздың сүннеттері намаздың уәжіптерін толықтырып, адамды артық сауапқа кенелтеді. Сүннеттерді орындау, оны әрдайым жасап отыру –Пайғамбарымызға (ﷺ) деген шынайы махаббатты білдіреді.
1. Бес уақыт намаз бен жұма намазы үшін азан мен қамат оқу, сол секілді жамағатпен оқылатын қаза намаздар үшін де азан, қамат – сүннет. Бірақ жамағатпен бірнеше қаза намазы оқылатын болса, тек қана бірінші намаздан бұрын азан шақырып, қалған намаздарда қамат айтылады. Өз үйінде жеке намаз оқитын адам үшін азан мен қамат – мұстахап. Жамағатпен оқылатын намаз үшін азан, қаматтың айтылмауы – мәкрүһ. Жұмаға қалада бола тұрып себепсіз қатыса алмаған жандарға бесін намазын оқыр алдында азан мен қамат қажет емес. Әйел заты үшін де азан мен қамат сүннет емес.
2. Ифтитах (бастау) тәкбірі үшін қолдарын көтеру – сүннет. Ифтитах тәкбірін айтарда ер кісілер басбармақтары құлағының сырғалығына дейін келетін етіп қолдарын көтереді, бұл – сүннет[1]. Бұны орындаудың ең жақсы жолы – бармақты құлақ сырғалығына тигізу[2]. Қолды көтерген кезде алақандары ашық күйде құбылаға қаратылып, саусақтары еркін тұруы керек. Әйелдер қолдарын иықтарына жететіндей кеуделеріне дейін көтеріп «Аллаһу әкбар» дейді.
Ханафи мәзһабында намазда бір-ақ жерде қол көтеріледі. Намазды бастаған уақытта ғана. Ал рүкүғке барғанда және қайтқан кезде тәкбір айтылғанмен қолдар көтерілмейді. Бұған байланысты көптеген сахих хадистер бар. Мысалы:
عَنْ عَلْقَمَةَ عَنْ عَبْدِ ا أَنَّهُ قَالَ أَ أُصَلِّي بِكُمْ صَ ةَالَ رَسُولِ ا صَلَّى ا عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَصَلَّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِ مَرَّةً وَاحِدَةً
Алқама Абдулладан риуаят етті: «Ол (Абдуллад ибн Мәсғуд): «Мен сендерге Алла Елшісінің намазын оқып көрсетейін бе? -деп намаз оқыды. Намазда екі қолын бір-ақ рет көтерді». Бұл хадис Насайиде келтірілген. Дәрежесі сахих. Сондай-ақ, бұл хадис Ибн Әби Шәйбада да келтірілген. Ханафи ғалымдары рүкүғқа барарда және рүкүғтан қайтқанда қол көтерілетіндігіне байланысты хадистерді емес, Ибн Масғудтың осы хадисін негізге алған. Себебі, Ибн Масғуд сахабалардың арасындағы ең көп фиқһ білімін меңгерген әрі жас жағынан да ең үлкені еді.
3. Имамға ұйыған адамның ифтитах (бастау) тәкбірі имамның ифтитах тәкбіріне жақын болуы – сүннет.
Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл жайлы былай дейді: «Имам тәкбір алысымен, сен де тәкбір ал».
4. Оң қолын сол қолының үстіне қою. Яғни, тәкбір алып, қол байланған кез. Хазіреті Алидің бір риуаятында: «Оң қолды сол қолдың үстіне, кіндіктің астына қою сүннеттен».
رأيت النبي صلى الله عليه وسلم وضع يمينه على شماله في الصلاة تحت السرة
Уайл ибн Хужр: «Расулалланың оң қолын сол қолының үстіне әрі кіндігінің астына қойғанын көрдім», – деді. Бұл хадисті Әбу Бәкір ибн Әби Шайба риуаят етті. Хадистің дәрежесі сахих.
Ерлер оң қолының іш жағын сол қолының үстіне қойып, бас бармақ пен шынашақ арқылы білекті орайды. Әйелдер екі қолын кеудесіне апарып, оң қолын сол қолының үстіне қояды. Бірақ саусақтарымен білектерін орамайды.
5. «Субханака» (сәна) дұғасын оқу. Яғни, ифтитах (бастау) тәкбірінен кейін құпия түрде «сәна» (мадақ) дұғасын оқу – сүннет. Ол төмендегідей:
سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَ بِحَمْدِكَ وَ تَبَارَكَ اسْمُكَ وَ تَعَالىَ جَدُّكَ وَ لاَ إِلَهَ غَيْرُكَ
«Субханака Аллаһумма уә би-хамдика уә тәбәракас-мука уа та’ала жәддука уә ләә-иләһә ғайрука».
«Я, Аллаһым! Сені тәсбих етіп (күллі жаратылыс пен нұқсан атаулыдан) пәктеймін. Саған «хамд» айтып, мадақтаймын. Сенің қасиетті есімің аса мүбәрак. Және де сенің ұлылығың аса жоғары. Сенен басқа ешбір құдай жоқ». Алла Елшісінің намазды бастаған сәтте осы дұғаны оқығандығын Хазіреті Айша жеткізген.
6. Алғашқы рәкатта – «Фатихадан» бұрын құпия түрде «Ә’узу мен Бисмиллаһның» оқылуы және келесі рәкаттарда – «Фатихадан» бұрын Бисмиллаһ оқылуы – сүннет.
Ә’узу мынау:
أَعُوذُ بِاللهِ مِنَ الشيْطَانِ الرَجِيمِ
«Ә’узу биллаһи минаш-шайтанир-ражим»
(илаһи рақымдылықтан қуылған шайтаннан Аллаға сиынамын).
Бірақ имамға ұйыған «Фатиханы» оқымайтындықтан, «Ә’узу» мен «Бисмиллаһны» да оқымайды.
7. «Фатиха» біткенде іштей «әмин» (дұғаларымызды қабыл ет) деу – сүннет.
8. Имамның айтатын тәкбірлері мен рүкүғтен тұрған кезінде:
سَمِعَ الله لمِنْ حَمِدَهُ
«Сәми’ Аллаһу лимән хамидаһ»
(Алла өзін мадақтаған жанның мадағын естиді) сөзі мен намаздың соңында екі жаққа жария түрде сәлем беруі – сүннет. Сонымен қатар имамға ұйығандардың рүкүғтен тұрған кезінде құпия түрде:
أللَّهُمَّ رَبنَّاَ وَلكَ الحَمْدُ
«Аллаһумма Раббәнәә уә ләкәл-хамд» (Ей, Раббымыз Алла! Хамд пен мадақ саған ғана лайық) деуі мен тәкбір мен сәлемді құпиялап айтуы – сүннет. Жария оқудың ең төмені – алғаш саптағы адамдар еститіндей болуы керек. Құпия оқудың ең төмені – өзіне ең жақын адамның естуі.
8. Рүкүғ пен сәждеге барарда және тұрғанда алынатын тәкбір – сүннет, Абдулла ибн Масғуд (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) осылай тәкбір алғанын көргенін айтады. Бірақ рүкүғтен тұрған кезде, «Сәми’Аллаһу лимән хамидаһ» деп айтылады. Рүкүғқа барарда және қайтарда тәкбір айтылғанмен қолдар көтерілмейді.
9. Рүкүғтен тұрып жатқан кезде, «Сәми’ Аллаһу лимән хамидаһ» деп, артынан «Раббәнә уә ләкәл-хамд» деу де – сүннет. Имам әуелгісін – жария, кейінгісін – құпия айтады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Имам Сәми’ Аллаһу лимән хамидаһ» деген кезде, сендер «Раббәнәә уә ләкәл-хамд» деңдер»[3], – дейді.
10. Рүкүғ пен сәжде тәсбихтары – сүннет. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім рүкүғке барған кезде, үш рет «Субхана Раббиял-а’ла» десін. Бұл сан – тәсбихтың ең аз мөлшері»[4] – деп айтқан.
11. Рүкүғте ер кісілердің қолдары мен саусақтардың арасы ашық түрде тізелерге қойылуы – сүннет. Әйелдер тек қана қолдарын тізелерінің үстіне қоюмен шектеледі. Сонымен қатар ер кісілердің рүкүғте түрегеп тік тұрулары, бастарын арқасымен тең ұстап, одан жоғары көтермеулері де, төмен түсірмеулері де сүннет. Әйелдердің тізелері аздап бүгіледі.
12. Қиямда (түрегеп тұрғанда) екі аяқ арасын иықтың көлеміндей ашық ұстау – сүннет.
13. Сәждеге бара жатқанда алдымен тізелерді, одан кейін қолдарды, одан кейін маңдайды жерге тигізу.
14. Сәжде отырыстары мен тәшәһһүд отырыстарында сол аяғын жерге жатқызып, оң аяғын тік ұстап, саусақтарын құбылаға қарату – сүннет. Әйелдер сол аяқтарын оң жағына жатқызып жерге отырады.
15. Отырыстарда және сәжде арасындағы кідірме отырыстарда қолдарын тізеге жақын сандарының үстіне қою.
16. Отырыстарда әт-тахиятты оқығанда «Ләә иләһә» деген кезде оң қолының сұқ саусағын көтеріп, «иллаллаһ» деп, қайта түсірілуі – сүннет. Сұқ саусақ көтерілгенде, қалған саусақтар бүгіледі. Бұл – Алладан басқа құдай жоқтығын қуаттаудың белгісі.
17. Парыз намаздардың үшінші, төртінші рәкаттарында «Фатиха» оқу қуатты көзқарастарға қарай – сүннет.
18. Парыз, уәжіп және мүәккәд сүннеттердің соңғы отырыстарында және бекітілмеген сүннет пен пәпіл намаздардың да әрбір отырыстарында әт-тахияттан кейін Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айту – сүннет.
19. Сәлемнен бұрын дұға оқылуы – сүннет. Бұл дұғаға Құран мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахих дұғаларының таңдалуы абзал.
20. Намаз соңында алдымен – оңға, сонан соң – солға сәлем беру – сүннет.
21. Намазда алдына қалтқы қою – сүннет. Яғни, ашық жерлерде намаз оқыған адам, алдынан басқалар өтпеу үшін алдына 60-70 сантиметрдей қалың немесе жіңішке ағаш немесе қазық, т.б. қадайды. Жамағатпен оқылатын намазда имамның алдына ғана қойылуы жеткілікті. Намаз оқыған кісі алдынан өтпекші болған адамға «Субханаллаһ» деп ескерте алады.