Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

Ғұсыл

22.05.2017 60212 0 пікір
Ғұсыл

«Ғұсыл» (араб тілінде) – жуыну, шомылу деген мағынаны берсе, шариғат терминінде бүкіл дененің арнайы түрде толық жуылуын білдіреді.

 

Ғұсыл алынатын жағдайлар
  1. Жүнүп болу:  Жыныстық  қатынас,  ихтилам* немесе соған ұқсас жағдайлар арқылы мәнидің сыртқа шығуы. Есінен танған, мастығынан айыққан, ұйқысынан тұрған адам бойынан бөлінген ылғал бір нәрсе көрсе, ғұсыл алғаны абзал.

Ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қатынаста мәни шықпаса да ғұсыл қажет. Пайғамбарымыз () осылай ескерткен[1]. Алла Елшісі былай дейді: «Мәзиде – дәрет, мәниде – ғұсыл бар».

  1. Хайыз және нифас: Әйел затының хайыз бен нифас кезеңі аяқталғанда ғұсыл алуы – парыз. Құранда былай дейді: «(Мұхаммед) олар сенен етеккір жайында сұрайды.  Оларға:  Ол  жиіркенішті  нәрсе, етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар. Оларға тазарғанға дейін жақындаспаңдар. Қашан толық тазарса, Алланың өздеріңе бұйырған жерінен оларға жақындасыңдар де»[2]. Пайғамбарымыз () Әбу Хубайш қызы Фатимаға былай дейді: «Хайыз қаны аққанда намаз оқуды доғар. Тоқтағанда ғұсыл алып оқы».
  2. Мәйітке (өлікке ғұсыл): Яғни, шейіттен басқа барлық мәйітке  ғұсыл  құю  –  мұсылмандарға  кифая парыз.
  3. Жаңа мұсылман  болған  адамға  ғұсыл  алу  – парыз.  Қайс  ибн  Асым  мұсылман  болуға  келгенде, Пайғамбарымыз () оған ғұсыл алуды әмір еткен[3].
Сүннет және мәндүп ғұсыл
  1. Айт намазы  мен  жұма  намазынан  бұрын. Пайғамбарымыз ()  хадисте: «Жұма намазға келетін адам ғұсыл алсын»[4], – дейді. Басқа  хадистерінде Пайғамбарымыз () жұма күні ғұсыл алып, жақсы, таза киім киюді және хош иіс сеуіп, тістерін тазалап келуін насихаттаған[5].
  2. Қажылық немесе умра үшін ихрамға кіргенде
  3. Арафат күні Арафатқа тұрарда
  4. Күн мен  ай  тұтылғанда  оқылатын  намаз  бен жауын тілеу намазы үшін ғұсыл ету – мәндүп.
  5. Мүбәрак түндерде, ақыл-есі орнына келгенде, өлікті жуған және қан алдырған адамның жуынуы – мәндүп.
  6. Үзір қанынан айыққан әйелдің жуынуы
  7. Сапардан оралған, жаңа киім киген адамның жуынуы
  8. Күнәға тәубе ету үшін жуыну

 

Ханафи мәзһабынша ғұсылдың парызы – үшеу
  1. Ауызды сумен шаю (мадмада). Ауызды сумен шайғанда, тамаққа дейін апарған абзал.
  2. Мұрынға (кеңсірікке  дейін)  су  тарту (истиншақ).
  3. Тұтастай тұла бойын сумен жуу. Яғни, шаш пен сақалдың түбіне, құлақ пен кіндіктің ойығына түгелдей су тиюі тиіс. Пайғамбарымыз () былай дейді: «Әрбір шаштың түбінде жүніптік  бар.  Сондықтан  шаштарыңды жуыңдар. Денені де жақсылап тазалаңдар»[6].

Ханафи мәзһабында, қиындық келтіретін жағдайда ғұсыл құйынатын әйелдердің өрген шаштарын ашып жуғаны қажет емес. Тек қана өрілген ұзын шаштардың түбіне су барса, жетіп жатыр. Хазіреті Айша былай дейді: «Біз өрілген шаштарымызды жаймай-ақ жуынатынбыз»[7].

Кейде адам асығыстықтан денесінің кейбір мүшесін жууды ұмытып кетіп, кейіннен есіне түссе, қайта ғұсыл алудың қажеті жоқ. Тек қана сол жерді жуса, жетіп жатыр. Бірақ парыз намазын оқып қойған болса, қайта оқуы керек.

Ғұсыл  алған  адамның  егер  тісі  алтын,  күміс секілді нәрселермен қапталған, ойықтары толтырылған болса, ғұсылға кедергі етпейді. Өйткені, бұл жараға таңған орауыш секілді. Орағыштың бетіне мәсіх тарту қандай болса, бұл да сондай. Ханафилардың атақты ғұламаларынан Кәсанидің «қапталған тіс – тістің рөлін атқарады» деген фәтуасы бар.

Жүніп адам ғұсыл алу ниетімен аузы мен мұрнын сумен шайқап, одан кейін көлге, өзенге, хауызға сүңгісе немесе – жауын астында тұрып, барлық денесіне су тисе, ғұсыл алған болып саналады[8]. Жүніп мұсылман тәндік тұрғысынан лас саналмайды. Мұндай жағдайда дәрет алып, тым болмаса қолы мен аузын сумен шайып тамақ жей алады. Басқа істерін де жасай алады[9]. Жүніп – рухани ластық. Ондай адаммен амандасуға да, әңгімелесуге де болады. Хазіреті Хузәйфә сахаба былай дейді: «Алла Елшісі () сахабаларымен кездескенде қол алып амандасатын. Жақсы тілек, бата беретін. Бір күні таңғы уақытта Алла Елшісін () көрдім. Бірақ көрмей қалған адамдай бұрылдым да, басқа жаққа қарай кетіп қалдым. Кейіннен сәске кезінде қайтадан алдына бардым. Сонда Алла Елшісі () маған қарап: «Мен сені көрген едім, бірақ сен дереу бұрылып кетіп қалдың. Неліктен бұлай жасадың?», – деп сұрады.

«Пайғамбарым, мен ол кезде жүніп едім. Менімен қол  алысып  амандасуыңнан  қорқып,  бұрылып  кетіп қалдым»,  –  дедім.  Алла  Елшісі () сонда:  «Мұсылман ешқашан лас болмайды» деп жауап қатты»[10].

Ғұсыл құйынған адамның дәреті де болады. Яғни, жекелей дәрет алудың қажеті жоқ. Өйткені, ғұсыл алған адам барлық мүшесін жуады. Дәреттің парыздары да соның ішіне кірмейтін бе еді?! Бұған байланысты Хазіреті Айша айтады: «Алла Елшісі () ғұсыл құйынып, таң намазының сүннеті мен парызын оқитын. Оның ғұсылдан кейін дәрет алғаны есімде жоқ»[11].

Ғұсыл сүннеттері
  1. Алдымен «Бисмиллаһ» деп бастау
  2. Ниет ету
  3. Әурет (ұятты) жерлерді жуу. Денеде лас жерлері болса тазалау
  4. Дәрет алу
  5. Үш рет басын, үш рет оң иыққа және үш рет сол иыққа су төгу. Әрбір құйылған суды дененің барлық жеріне жеткізу.
  6. Ғұсыл алғанда сөйлемеу
  7. Ғұсыл құйынып жатқанда құбыла жаққа тура да, теріс те қарап тұрмау. Яғни, жанымен тұру. Әурет жері жабық тұрса қарауға болады.
  8. Жалғыз өзі болса да, әурет жерін жабу. Монша, көл, т.б. адамдар арасында әурет жері ашық күйде жуыну – харам.

Бір адамның көпшілік арасында тұрып, жуынғанын байқаған Алла Елшісі қатты қамығып былай дейді: «Күмәнсіз, Алла Тағала ұят иесі және күнәлар мен кемшіліктерді жауып, жасырушы. Сол себепті, ұятты болуды және әурет жерлерін жабуларын жақсы көреді. Ендеше,  бір  адам  ғұсыл  құйғанда  әурет  жерлерін жапсын»[12].

  1. Ғұсыл құйғанда суды ысырап етпеу.
  2. Ғұсылдан кейін сүлгімен  сүртіну.  Пайғамбарымыздың  () зайыбы  Мәймунәнің  бір  риуаятында Пайғамбарымыздың сүлгімен сүртінгені жайлы айтылады[13].
Жүніп адамға харам нәрселер
  1. Жүніп болған  ер  мен  әйелдің,  хайыз  бен нифастағы әйелдің намаз оқуы харам.
  2. Қағбаны тауап ете алмайды.
  3. Зәру жағдай болмаса, мешітке кіруге болмайды[14].
  4. Хайыз бен нифас кезінде әйел адамның ораза ұстауына болмайды.
  5. Құранның бір аятын да оқи алмайды. Хазіреті Айша Пайғамбарымыздың жүніп кезінде Құран оқымағанын айтады[15].  Бірақ  дұға  ниетімен  Құрандағы дұғаларды оқи алады. «Шәһадат» сөзін айтуға, тәкбір, салауат, зікір етуге болады. Әсіресе, нифас не хайыз мерзімі аяқталғанға дейін әйелдер намаз оқи алмағандықтан жиі-жиі дұға, салауат, зікір оқығаны абзал. Өйткені, жүніп, нифас, хайыз – адам бойындағы рухани ластық. Мұндай кездері адамды жындар иектегіш келеді. Әсіресе, жаңа босанған әйелдерге қауіпті. Жаңа туылған сәбилерге де абай болған жөн. Лас жындардың жабысатын уақыттары осындай кезеңдер. Сол себепті, жүніп болған адамдар тезірек ғұсыл алуға асығуы керек.
  6. Құранды ұстай алмайды. Бірақ Құранды қабымен яки орамамен ұстауына болады.

 

Әйелдердің хайыз, нифас және үзір халі (истихада)

Алла Тағала әйел затын рухы мен тәні жағынан ерлерге қарағанда бөлек жаратқан. Мысалы, әйел аса мейірімді, рақымды, тез қамығып, тез қуанатын сезімтал етіп жаратылған. Осы әйел затында хайыз, нифас, үзір халдері бар. Әйелдің балиғат жасына жетуі де хайыздың алғашқы көрінуімен басталады.

Хайыз

Хайыз  (етеккір)  –  әр  айдың  белгілі  күндерінде әйел адамдарда кездесіп, кей ғибадаттарына кедергі келтіретін қан. Әйел хайызы, Имам Ағзам мәзһабы бой-ынша, шамамен тоғыз жасынан елу бес жасына дейін жалғасады. Хайыз пайда болған әйел намазы мен оразасын дереу доғарады. Бірақ оразасының кейін қазасын ұстайды. Хайыз күндеріндегі намаздарының қазаларын «жеңілдік қағидасына» байланысты өтеуінің қажеті жоқ. Хайыздың ең аз мерзімі – үш күн. Ең көбі – он күн. Бұдан азды-көпті болса «үзір қаны» деп саналады. Хайыз қаны – Алланың әйелдерге жазғаны. Хазіреті Хауа анамыздан бастап әрбір әйел хайыз көре келген. Пайғамбарымыз: «Бұл хайыз Алла Тағаланың Адамның қыз ұрпақтарына жазған нәрсесі», – дейді[16].

Нифас

Нифас – әйел адам босанғаннан кейін пайда болатын қан. Мұның белгілі бір мерзімі жоқ. Ханафилер бойынша, нифастың ең ұзақ уақыты – қырық күн. Умму Сәлама былай дейді: «Нифасты әйел Алла Елшісі () заманында қырық күн, қырық түн күтетін»[17]. Нифас мерзімінде нифас қаны кейбір күндері тыйылып, сосын қайта жалғасса тыйылған бұл күндер де нифас күндері болып саналады. Хайыз бен нифас қандары тоқтаған кезде, ғұсыл алу қажет.

Әйелдер мұндай кездерде намаз оқи алмайды. Ораза да ұстай алмайды. Бірақ оразаның қазасын кейін өтейді. Қажылық кезінде Қағбаны тауап ете алмайды[18]. Құран оқи алмайды. Пайғамбарымыз (): «Хайыз, жүніп болған әйел Құран оқи алмайды», – дейді[19]. Ханафилер бойынша, мұндай кезде әйелдер Құранды жатқа дұға ниетінде оқуына болады[20]. Сол секілді мешітке де кірулеріне болмайды. Бір хадисте былай айтылған: «Ешқандай хайыз әйел, жүніп кісі мешітке кіре алмайды»[21]. Етеккір кезінде жыныстық қатынас та жасай алмайды.

Әйелдің үзір қаны (итихада)

Үзір қаны – құрсақтан емес, дененің бір тамырынан ағатын қан. Балиғат жасына жеткен әйелдің үш күннен аз, он күннен артық аққан қаны хайыз қаны емес, үзір қаны болып табылады. Нифас болған әйелдің қырық күннен кейінгі және жүкті кезіндегі қаны да үзір қаны.

Әйелдің мұндай үзірі ғибадатқа кедергі келтірмейді. Тек дәреті болған кезде ақса, жарадан аққан қан секілді дәретті  бұзады.  Тоқтаусыз  жалғасса,  әйел  «үзірлі» қатарына  жатып,  әр  уақыт  намазға  арнайы  дәрет алады.

 

 

[1] Әбу Дәәуд, Таһарат; 83.

[2] Бақара, 2/222

[3] Әбу Дәәуд, Таһарат; 129; Сунән, Жұма; 72.

[4] Бухари, Жұма; 2,5.

[5] Муслим. 7.26-27.

[6] Тирмизи, Таһарат/, 77.

[7] Әбу Дәуд, Таһарат; 99

[8] Рәддул-Мухтар, 1.140.

[9] Әбу Дәуд, Таһарат: 87.

[10] Нәсаии, Әбу Абдрахман ибн Шу’аиб. Сунән. Египет. Таһарат, 171.

[11] Әбу Дәуд, Таһарат, 98.

[12] Әбу Дәуд, Хамам; 1; Нәсәий, Ғусул: 7

[13] Әбу Дәуд, Таһарат: 97.

[14] Ибн Мажә, Таһарат: 127.

[15] Әбу Дәуд, Таһарат:97.

[16] Бухари, Хайыз. 1,7.

[17] Әбу Дәуд, Таһарат, 119.

[18] Бухари, Хайыз.20.

[19] Тирмизи, Таһарат,98.

[20] ЗуҺайли, 1,470-471.

[21] Ибн Мажә, Таһарат, 92,