Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

Тәйәммүм алу

22.05.2017 3834 0 пікір
Тәйәммүм алу

Тәйәммүм – су болмаған кезде немесе су бола тұрып пайдалана алмаған кезде таза топыраққа соққан қолдары арқылы жүзін және екі қолын шынтаққа дейін мәсіх ету.

 

Тәйәммүмнің алыну тәртібі төмендегідей:

Ғұсылы жоқ немесе дәреті болмаған адам екі қолын топырақ жынысына жататын (құм, шаң, т.б. сияқты) таза нәрсеге бір рет ұрып, жүзін мәсіх етеді. Осыдан кейін екі қолын топыраққа қайта ұрып, осымен екі қолын (сол алақанымен оң қолын, оң алақанымен сол қолын) шынтақтарына дейін мәсіх етеді. Тәйәммүм ниет пен екі мәсіхтен тұрады.

Тәйәммүмнің себептері

Су таба алмаған немесе жеткілікті су болмаған кезде, судың жолында қауіп бар кезде, судың бір милден (1848м) алыста немесе судың қымбаттығынан я болмасаатып алар ақшасы болмаған жағдайларда тәйәммүм алынады. Бірақ егер су бар екенін ұмытып тәйәммүммен намаз оқып, біткеннен кейін есіне түссе, Имам Ағзам мен Имам Мұхаммед бойынша қаза етпейді. Бірақ намазда есіне түссе, намазын бұзып, сумен қайта дәрет алып оқиды.

Суды пайдалануға шамасы жетпеу, қапаста қалу, жабайы аңдардан, ұрлықтан қорқу, т.б. себептермен суды пайдалана алмаған адам тәйәммүм алады. Суды пайдаланса, ауруға шалдығуынан яки науқасының қозатынынан қорыққан адам тәйәммүм алады. Сондай-ақ судың аса қатты суық болуы немесе суды пайдалану мүшеге қатты зиян немесе ауруға шалдықтыратын жағдайда тәйәммүм алады.

 

Тәйәммүм сүннеттері
  1. Тәйәммүмді Алла атымен бастап, тазалануға ниет ету.
  2. Екі қол саусақтарының арасын ашық ұстап, таза топыраққа ұрып, ары-бері қозғау.
  3. Қолдарындағы артық шаңды қағып тастап, бетті мәсіх ету.
  4. Қолдарын қайта топыраққа соғып, сосын саусақтарын қағып, сол алақанымен оң қолын, оң алақанымен сол қолын шынтақтарына дейін түгелдей мәсіх ету.
  5. Алдымен жүзді, одан кейін қолдарды мәсіх ету.
  6. Бұларды жасаған кезде көп кідірмеу.
  7. Тәйәммүмді намаз уақыты кіргеннен кейін жасау.
Тәйәммүм шарттары

Ниет. Ниет тәйәммүмде парыз. Тәйәммүм алатын кісі қолын тәйәммүм соғылатын топыраққа қойған кезде, яки тәйәммүм ала бастағанда, намаз немесе басқа дәретсіз жасауға болмайтын ғибадатты іске асыру мақсатымен алу қажет. Мұндай ниеті болмаған кісі тәйәммүммен намаз оқи алмайды. Яғни, әр ғибадатқа арнайы ниет шарт.

Тәйәммүмді қажет ететін үзір.

Қалада тұрып судан бір мил (1848м) қашықта болу. Ауру, қауіпті суық, дұшпан, су болмау қаупі, су шығаратын құралдың жоқтығы. Жаназа намазы немесе айт намазының өтуінен қорқу секілді себептерге байланысты тәйәммүм алуға болады. Тәйәммүм топырақ, тас, тозаң, құм секілді нәрселерден алынуы тиіс. Күл, алтын, отын, темір секілді нәрселермен іске аспайды. Дененің мәсіх етуге кедергі жасайтын май секілді нәрселерден таза болуы.

Тәйәммүм уақыты

Намаз уақыты кірмей тұрып тәйәммүм соғуға болады. Бірақ су табылып қалар деп үміт еткен адамның тәйәммүмді кешіктіріп алуы – мәндүп. Ханафилерде уақыттың шығуынан қорыққанда, мына кездерде тәйәммүм соғуға болады. Жүніп те болса, жаназа, не айт намазына үлгере алмаудан қорыққан адам тәйәммүм соғып, имамға ұйи алады. Өйткені, бұл екі намаздың қазасы жоқ. Ибн Аббас былай дейді: «Кенеттен жаназа намазын көріп, оны өткізіп алудан қорықсаң, тәйәммүм ал да, жаназа намазын оқы»[1]. «Кусуф» намазы да сол секілді.

 

Тәйәммүмді бұзатын нәрселер

Дәрет пен ғұсылды бұзатын нәрселер тәйәммүмді де бұзады. Өйткені, тәйәммүм – сол екеуінің уақытша өкілі. Бірақ жүніп адам тәйәммүм алғаннан кейін дәреті бұзылса, оның тек дәреті ғана бұзылады.Тәйәммүм соғуды қажет еткен себептер жоғалғанда.Яғни, дұшпанның кетуі, науқастың айығуы, т.б. сумен дәрет алу мүмкіндіктерінің пайда болуы.Суды көру яки бір дәретке болсын жететін су табылса, тәйәммүмнің қызметі аяқталады. Намаз оқып тұрған адам суды көрсе, тәйәммүм намазбен бірге бұзылады.

 

[1] Зуһайли, 1, 442.