Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

Мәсіх тарту

22.05.2017 4878 0 пікір
Мәсіге мәсіх тарту

Дәрет алған адам егер аяғында мәсісі болса, аяқты жуудың орнына мәсісін мәсіх етеді. Мәсіх – аяқтың ұшынан жоғары қарай су қолымен сүрту. Мәсіге мәсіх ету мәселесі бізге Пайғамбарымыздан жеткен. Хазіреті Әли (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) мәсісінің үстіне мәсіх тартқанын көргенін айтады[1]. Сафуан ибн Ассал (р.а.): «Алла Елшісі бізге дәрет алып, мәсі киген кезімізде егер жолаушы болсақ үш күн, тұрғын болсақ бір күн бір түн бойы мәсіх тартуымызды және мейлі кіші, мейлі үлкен дәрет үшін оны шешудің қажеті жоқ екенін, тек жүніп болған кезде ғана шешуімізді әмір етті»[2], – деген.

 

Мәсіге мәсіх тартудың парыз болған мөлшері – әр аяқтың алдыңғы жағындағы мәсінің үстіне қолдың үш саусағының ені және ұзындығының өлшеміндей. Ал мәсіхті саусақтарын ашық ұстап, аяқ саусақтарынан жоғары қарай қонышына дейін тарту – сүннет. Муғира ибн Шуғбә (р.а.): «Алла Елшісі мәсіге мәсіх етті. Оң қолын – оң мәсісінің үстіне, сол қолын – сол мәсісінің үстіне қойып, жоғары қарай бір рет мәсіх тартты»[3].

Сонымен қатар, мәсіге су төгу, ылғал матамен сүрту және мәсінің еніне қарай яки қонышынан бастап сүртуге де болады. Бірақ бұл сүннетке томпақ нәрсе. Мәсінің табанына мәсіх етілмейді.

 

Мәсіге мәсіх тарту шарттары
  1. Мәсілер аяқ жуылғаннан кейін киілуі керек. Сахаба Муғира: «Алла Елшісімен бірге болған кезімде ол дәрет алды. Сол кезде мен оның мәсілерін шешуге ыңғайланып едім: «Тимей-ақ қой, өйткені, мен оларды дәрет бар кезде кидім деді»[4] – деп риуаят етті.
  2. Мәсілер аяқтың жуылуы парыз болған жерлерін жауып тұруы керек. Яғни, аяқты тобықтарымен бірге жауып тұруы ләзім.
  3. Аяққа киілген мәсі кем дегенде 5,5 км-ден артық жол жүруге шыдайтындай болуы керек.
  4. Мәсінің бүтін болуы шарт. Ханафи мәзһабында жеңілдік қағидасына сай аз жері ғана жыртылған тесік мәсіге мәсіх тартуға болады. Бірақ тесік аяқтың кіші саусағының өлшемімен үш саусақтан артық болмауы керек. Және бір мәсідегі жыртық жерлері бірігіп, кіші үш саусақтың көлеміндей болса, мәсіге мәсіх тартылмайды. Бірақ екі мәсінің жыртығын қосып, үш саусақтың көлемінен асты деп үкім беруге болмайды.
  5. Мәсілердің өздігінен тұра алатындай болуы. Әрі сырттағы суды дереу ішке тартып алатындай болмауы керек. Шұлыққа мәсіх тартуға болмайды. Бірақ шұлық қалың болып, онда жоғарыда айтылған ерекшеліктер болса, мәсі ретінде саналады. Ханафи мәзһабы бұған рұқсат берген.

Мәсіге мәсіх тарту мезгіліне келсек, тұрғынға – бір күн, бір түн, яғни 24 сағат, ал жолаушыға – үш күн, үш түн. Мәсіхтің уақыты – мәсіні дәрет алып киген соң, алғаш рет дәрет бұзылған сәттен басталады. Яғни, мәсіні киген кезден бастап емес, дәрет бұзылғаннан басталады. Мәселен, таң ертең сағат жетіде дәрет алып, мәсіңізді кидіңіз делік. Содан сағат екіде дәретіңіз бұзылды. Міне осы сағат екіден сіздің жиырма төрт сағаттық мәсіхтік мерзіміңіздің уақыты басталады.

 

Мәсіхті бұзатын нәрселер

Дәретті бұзатын нәрселер – мәсіхті де бұзады. Сондықтан әлі мезгілі толмаған мәсіге қайта дәрет алынғанда мәсіх тартады.

  • Жүніптік, хайыз, босану секілді ғұсылды қажет ететін жағдайлар мәсіхті жарамсыз етеді.
  • Мәсіх тартылған мәсінің аяқтан шығуы. Бұл кезде егер дәрет болса тек аяқтарды жуу жеткілікті. Егер бір аяқ шықса, екі аяқты да жуу қажет. Мәсінің қонышына дейін аяқтың басым көпшілігінің шығуы түгел шыққанмен тең.
  • Аяқтың кіші саусақ өлшемімен санағанда үш саусақ көлеміндей бір мәсінің жыртылуы.
  • Мәсі мезгілінің аяқталуы. Егер дәрет бар болса, тек қана аяқтар жуылады. Бірақ қатты суық секілді зәру жағдайда аяқтардың үсу қаупі болса, мәсінің уақыты әрі қарай жалғасады.

 

Орауыш, таңғыш сыртынан мәсіх тарту

Денеде бір мүше сынып немесе жараланғанда жуу оған зиянын тигізетін болса, дәрет пен ғұсыл алған кезде сол жараға оралған матаға жәй ғана бір рет мәсіх тар тылады. Егер бұл да зиянды болса, мәсіх тартылмайды. Бұл тұрғыда Хазіреті Әли: «Білегім сынған еді. Алла Елшісінен сұрағанымда таңғыштың үстіне мәсіх тар туымды айтты», – дейді[5]. Басынан жараланған бір адамның ғұсыл алып соңынан өліп кеткенін естіген Алла Елшісі (ﷺ): «Тәйәммүм етіп, жарасын орағышпен байлағаннан кейін сол жерге мәсіх тартып, денесінің қалған жерлерін жууы оған жетер еді»[6], – деген.

Ислам діні адамға ауырлық жүктемейді. Сол себепті, зәрулік харамды халал етеді. Жараға су тисе, асқынып кететіндіктен, тек мәсіх тарту жеткілікті. Таңғыштың басым көпшілігіне бір рет мәсіх етіледі. Оның барлығына мәсіх тартып, тіпті қайта-қайта тартып жатудың қажеті жоқ. Сол сияқты бір орауышқа мәсіх тартылғаннан кейін, үстіне басқа бір мата таңылса да қайта тартудың қажеті жоқ. Жара жазылмай тұрып орауыш ашылса, мұндай жағдайда да мәсіх тарту ісі бұзылмайды. Жара жазылғанда мәсіх жарамсыз. Орауышқа мәсіх тартып, дәрет алған адамның дәреті бұзылғанда мәсіх те бұзылады.

 

[1] Әбу Дәәуд, Таһарат, 63.

[2] Тирмизи, Дәауат, 98.

[3] Әбу Дәәуд, Таһарат, 63; Ханбәл, 6, 247.

[4] Бухари, Уду’, 49.

[5] Зәйлаи, Насбур, 1. 186.

[6] Зәйлаи, Насбур, 1. 187.