- Намаз кітабы
- НАУҚАС АДАМДАР НАМАЗДАРЫН ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?
- ЖОЛАУШЫНЫҢ НАМАЗЫ
- ИМАМҒА КЕШІГІП ҰЙЫҒАН АДАМ НАМАЗЫН ҚАЛАЙ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ?
- ЖАМАҒАТПЕН НАМАЗ
- НАМАЗ МӘКРҮҺТЕРІ
- НАМАЗ ӘДЕПТЕРІ
- НАМАЗ СҮННЕТТЕРІ
- НАМАЗДЫҢ УӘЖІПТЕРІ
- Намаздың сыртқы және ішкі парыздары
- Намаздың парыз болу шарттары
- Намаз уақыты
- Намаз түрлері
- Намаз жайлы
- Намаз түрлері
Намаз уақыты
НАМАЗ УАҚЫТЫ
Оның уақыттары Кітап пен сүннетте берілген. Олар мыналар:
Екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл – бамдат намазының уақыты. Екінші таң – таңға қарай шығыс көкжиегінің бозаруы. Бұл уақытпен бамдат уақыты кіріп, құптан намазының уақыты шығады. Осы сәттен бастап ораза ұстайтындар үшін ғибадат уақыты басталады. Сол себепті бұны «шынайы шапақ» деп атайды.
Бұның алдында бірінші таң бар. Бұл – шығыс көкжиегінің ортасында жоғарыға тікелей көтерілген, екі жағы қараңғы бейне бір созылған сымдай жайылған жарық. Бұл жарық аз уақыт ішінде жоғалып, орнын қараңғылық басады. Осыдан кейін екінші таң атады. Осы бірінші таңға, таң уақытының кіргенін көрсетпегендіктен әрі жалған жарық болғаны үшін «жалған таң» деп аталады. Бұл таң – түннің жалғасы. Бұл уақытта құптан уақыты шықпайды да, таң намазы кірмейді де. Ораза ұстайтындар осы уақытта ішіп-жеулеріне болады. Бұған мына хадис дәлел: Алла Елшісі (ﷺ) былай дейді: «Таң (шапақ) екеу. Біріншісі – бамдат намазын оқуға болмайтын, бірақ ішіп-жеуге болатын жалған шапақ. Екіншісі – ішіп-жеуді харам, таң намазын оқуды адал еткен таң шапағы». «Таң намазының уақыты – екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл»[1]. Бамдат намазын айнала көрініп жарық болған кезде оқу – мұстахап.
Бесін уақыты – күннің көктің ең жоғары тұсынан батысқа қарай ауа бастағанда басталып, имам Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, бесіннің уақыты барлық нәрсенің көлеңкесі, екі есе ұзарғанға дейін жалғасады. Осы кезде бесін намазы шығып, аср (екінті) уақыты кіреді.
Екінті уақыты – бесін уақытының шыққан сәтінен бастап, күннің батуына дейінгі мезгіл. Жоғарыда айтылған имам Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, екі есе болған сәттен басталып, күннің батқан уақытына дейін жалғасады. Бұған мына хадис дәлел: «Күн батпай тұрып, екінті намазының бір рәкатына үлгерген адам, екінті намазына үлгереді»[2]. Екінті намазын күннің сарғаю уақытына дейін кешіктіру – мәкрүһ. Өйткені, Алла Елшісі (ﷺ) былай дейді: «Бұл уақытта оқылатын намаз – мұнафықтардың (екі жүзді) намазы. Мұнафық отырып алып, күнді күтеді. Күн шайтанның екі мүйізінің арасына кірген (бата бастаған) кезде, апыл-ғұпыл екінті намазын төрт бас оқып, Алланы өте аз еске алады»[3].
Ақшам (намазшам) намазының уақыты – күннің толық батуымен басталып, шапақтың жоғалуымен аяқталады. Имам Әбу Ханифа бойынша, шапақ – ақшам уақытында батыстың көкжиегіндегі қызылдан кейінгі бозамық. Имам Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед және Ханафилардан басқа үш мәзһаб пен Әбу Ханифадан риуаят етілген басқа бір риуаят бойынша шапақ – көкжиекте пайда болған қызамық. Осы қызыл кеткен кезде ақшам намазының уақыты шығады. Бұған сахаба ибн Омар анықтама береді: «Шапақ – көкжиектегі қызамық». Ханафиларда фәтуаға негізделген көзқарас – имам Әбу Юсуф пен имам Мұхаммедтің көзқарасы.
Құптан намазының уақыты – қызыл шапақтың жоғалған сәтінен екінші таңның атуына дейінгі мезгіл. Екінші таң атқан сәтте құптанның уақыты шығады. Бұған сахаба ибн Омардың (р.а.) бізге жеткізген мына хадисі дәлел: «Шапақ – қызамық. Шапақ жоғалған сәтте, намаз оқу парыз»[4]. Құптан намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіру – мұстахап. Түннің ортасына дейін кешіктіру – мүбаһ, себепсіз екінші таңға дейін кешіктіру – мәкрүһ. Өйткені, бұл уақытта адам намаз оқып үлгермеуі ықтимал.
Үтір намазының уақыты – құптан намазынан кейін басталады. Оның соңғы уақыты – екінші таңның атуына аз уақыт қалғанға дейін. Үтір намазын оянуына күмән келтірген адам ұйықтамай тұрып, ал оянатынына сенімді жан осы намазды түннің ақырына дейін кешіктірсе абзал.
Тарауих намазының уақыты, таңдалған көзқарасқа қарай, құптан намазынан кейін басталып, бамдат намазының уақытына дейін жалғасады. Тарауих намазы үтір намазынан бұрын оқылады. Бірақ құптан намазынан бұрын тарауих оқылса, қайта оқуға тура келеді.
Намаз уақыттарының қай бөлігі мұстахап немесе абзал екені Пайғамбарымыздың (ﷺ) тікелей іс жүзінде орындауы мен хадистерінде белгіленген.Олар:
Таң (бамдат) намазын төңірекке жарық түсіп, айнала көрінген уақытта оқу жөнінде Хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Таң намазын жарықта оқыңдар. Өйткені, мұның сауабы өте үлкен»[5].
Бесін намазын жазда кешіктіріп, салқын уақытта оқу – мұстахап. Қыста болса, бесін намазды уақыты кіре оқу – мұстахап. Әнас (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі қатты суықта бесін намазын ерте оқитын, жазда салқын түскенге дейін кешіктіретін»[6].
Екінті намазының парызын төрт мезгілде де күннің көзді алмайтындай сарғыш тартқанға дейін кешіктіру – мұстахап.
Ақшам намазын кірісімен оқу – мұстахап. Азан мен қамат арасында тек қана үш аят оқылатындай уақыт бөлінеді. Өйткені, ақшам намазын кешіктіру – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді «Ақшам намазын жұлдыздар көрінгенге дейін кешіктірмесе, үмбетім берекетте»[7].
Құптан намазын түннің алғашқы үштен біріне дейін кешіктіру – мұстахап. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Үмбетіме қиын болмағанда, құптан намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіруді әмір етер едім»[8].
Үтір намазын түнде ояна алатынына сенген адам түннің ақырына дейін кешіктіру – мұстахап. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Түннің ақырына
дейін ояна алмайтындығынан қорыққан адам, үтір намазын түннің алғашқы уақытында оқысын. Түннің ақырында ояна алатынына көзі жеткен адам болса, үтірді түннің соңында оқысын. Себебі, түнгі намаз – періштелер қатысатын намаз.
Парыз намаздар үшін мұстахап уақыттар болғанындай, жалпы намаз оқудың мәкрүһ уақыттары да бар. Бұлар екіге бөлінеді. Біреуінде ешқандай намаз оқуға болмайды. Екіншісі – нәпіл намаз оқуға болмайтын, бірақ қаза намаз оқуға болатын уақыт.
Ешбір намаз оқылмайтын уақыттың өзі үшке бөлінеді:
-
Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт.
-
Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады.
-
Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек екінті намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.
Бұл үш уақытта ешқандай қаза намазы да, жаназа намазы да оқылмайды. Бұл уақыттарда тиләуат сәждесі да жасалмайды. Тиләуат сәждесі жасай қалған қүнде де, оны кейіннен қайтадан өтеу тиіс. Нәпіл намаз оқылса, оны кейіннен өтеу тиіс емес. Ол – мәкрүһ ретінде іске асады. Бірақ кейіннен қазасын өтеу – абзал.
Бұл уақытта намаз оқуға салынған тыйым – күнге табынғандарға ұқсамау үшін берілген. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһани (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (ﷺ) үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта»[9].
Таң атқан уақытта сол таң намазының сүннетінен басқа ешқандай нәпіл намазы оқылмайды. Хадисте: «Бамдат намазынан бұрын және бамдат намазы кірген кезде, бамдат намазының екі рәкат сүннетінен басқа намаз жоқ»[10] – делінген.
Бамдат (таң) намазын оқығаннан кейін күн шыққанға дейін;
Екінті намазын оқығаннан кейін күн батқанға дейін;
Ақшам намазының парызынан бұрын;
Айт намаздарынан бұрын үйде де, мешітте де;
Айт намазынан кейін мешітте;
Арафат пен Муздәлифәда қосып оқыған екі намаздың арасында;
Парыз намазының уақыты бітуге шақ қалғанда;
Парызға тұрып, тәкбір (қамат) айтылып жатқанда.
Ал таң намазының сүннеті бұлардан тыс. Яғни, басқа сүннеттерден қарағанда бұл сүннет әлдеқайда маңызды болғаны үшін оқылуға тиіс. Алла Елшісі былай дейді: «Бамдат (таң) намазының екі рәкат сүннеті дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен артық»[11] – делінген.
Жұма күні имам мінберге шығып хұтба оқып, жұма намазы біткенге дейін нәпіл намаз оқуға болмайды. Хадисте: «Жұма күні имам хұтба оқып жатқанда, мұсылман адам жанындағы адамға тіпті «тыныш» дегенінің өзі қателік»[12] – делінген.