Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

ЖОЛАУШЫНЫҢ НАМАЗЫ

03.04.2017 29680 0 пікір
ЖОЛАУШЫНЫҢ НАМАЗЫ

Бір адам тұратын жерінен алыс жерге жолға шыққаннан бастап, жолаушы саналады. Жолаушының парыз намаздары қысқарады. Ғалымдардың есебі бойынша, жаяу жүрген адам үш күндік жол жүрсе, яғни, шамамен 85-90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналады. Қазіргі замандағы көліктер де бұл үкімді өзгертпейді. Бұл шақырым жаһандану әлеміне сай келсе де, келмесе де ғалымдардың берген фәтуасы осылай. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Жер жүзінде сапарда болған уақыттарыңда, кәпірлердің өздеріңе бір қастандық істеуінен қорықсандар, намаздарыңды қысқартуларыңда күнә жоқ»[1]. Бұдан басқа қажылық, умра және ғазауатқа шыққан кезінде Пайғамбарымыздың (ﷺ) төрт рәкат намазын – екі рәкат етіп қысқартып оқығаны жайлы көптеген хадистер бар. Яғни, төрт рәкат парыз намаздар екі рәкат етіліп, оқылады. Ақшам мен таң намазы қысқартылмайды.

Жолаушылық үкімі қай жерден басталады?

Тұрған мекенінің (қала, ауыл) соңғы үйлерінен өткен уақыттан бастап жолаушы саналады. Қаламен бітісе орналасқан ауылдар да қала саналып, олардан өткен кезде ғана жолаушылық үкімі жүреді. Яғни, намаздарын қысқартып оқи алады. Қала біткеннен кейін кездесетін бірең-саран үйлер есепке алынбайды.

Жолаушы өз жерінен бөгде жерге барып, сол жерде он бес күн, яки одан да көп мерзім қалуға ниет етсе, тұрғын саналып, жолаушылық үкімінен шығады. Егер де он бес күннен аз қалуға ниет етсе, намаздарын қысқартып оқиды. Жолаушы үйіне қайтып келгенге дейін жолаушы саналады. Негізгі тұрған жерінен көшіп, басқа жерге толық орналасқаннан кейін, көшкен жеріне он бес күннен аз мерзім үшін қайта келсе, намазын қысқартып оқиды. Жолаушылық үкімінің тоқтауы үшін 15 күн тұруды ниет еткен жер – бір жер болуы керек. Егер бөлек-бөлек жерлерде жалпы 15 күн қалуды ниет етсе, жолаушылық үкімінен шықпайды. Мысалы, 10 күн Атырауда, 5 яки 14 күн Қарағандыда болуды ниет етсе, жолаушылығы бітпегендіктен намаздарын қысқартып оқи береді. 15 күн қалу ниеті бірден ниет етілу керек. Егер 7 күн қаламын деп ниет етіп, жеті күн өткеннен кейін кейбір себептер ге байланысты тағы да 10 күн қалуды ниет етсе, қалған күндерінің жалпы саны 17 күн бола тұра жолаушылық үкімі тоқтамайды. Өйткені уақыттар бөлек-бөлек ниет етіліп, белгіленіп отыр. Жолаушылық уақыты бітпесе де бір жерде 15 күн тұруды ниет ету арқылы жолаушылық үкімі тоқтайды. Намаздарын қысқартпастан толық оқиды.

Жолаушы 85-90 шақырым жол жүргеннен кейін, жарты жолдан үйіне қайтуды ниет етсе, үйіне келгенге дейін жолаушы саналады. Яғни, тек қана үйге қайту ниеті жолаушылықтан шығармайды. Намаз жамағатпен оқылғанда тұрғын – жолаушыға, жолаушы – тұрғынға ұюына болады. Бірақ тұрғын адам жолаушыға ұйығанда, екі рәкаттан кейін жолаушы имамның сәлем беруін күтеді. Жолаушы имам екі жаққа сәлем берген кезде, тұрғын сәлем бермей, орнынан тұрып қалған екі рәкатын толықтырып оқиды. Ал егер жолаушы тұрғынға ұйыған жағдайда, намазын төрт рәкат етіп, толық оқиды. Имамға бағыну шарт. Жолаушылық кезде қаза болған намаздардың қазасын кейін жай уақытта оқыған жағдайда да екі рәкат қылып қысқартып оқиды. Сол сияқты жай уақытта қаза болған намаздардың қазасын жолаушы болған уақытта оқыса, қысқартпай толық оқиды.



[1] Ниса, 4/101.