Сіздің қалаңыз:
Намаз сайты - ҚМДБ
  • Таң
  • Күн
  • Бесін
  • Екінті
  • Ақшам
  • Құптан

Тәһажжүд намазы

22.05.2017 5738 0 пікір
Тәһажжүд намазы

Құптан намазынан кейін немесе аз уақыт ұйықтап тұрғаннан кейін оқылатын нәпіл намазды «түнгі намаз» дейді. Түннің жартысынан бастап, сәре уақытының аяқталуына дейінгі уақытта тұрып оқылған намазды «тәһажжүд намазы» дейді. Тәһажжүд намазы екі рәкаттан сегіз рәкатқа дейін.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Түнгі намазды үнемі оқыңдар. Өйткені, түнгі намаз оқу – сендерден бұрын өткен салихалы жандардың әдеті. Раббыларыңа бағынудың белгісі. Жамандықтарды бүркеп, күнә жасаудан сақтайды»[1], – деп түнгі намазға шақырған.

 

Сүнниттердің төрт имамы да түнгі намаздарына қатты көңіл бөлген. Әшәб ибн Абдулазиз Имам Малик туралы былай дейді: «Бірде ел жатқан уақытта сыртқа шықтым. Малик ибн Әнәстің үйінің жанынан өтіп бара жатып, оның намаз оқып жатқанын байқап қалдым. «Фатиханы» оқып болған соң, «Тәкәсүр» сүресін оқи бастады. «Сол күні берілген ырыс-береке мен несібелерден сөзсіз сұраласыңдар» аятына жеткен кезде кемсеңдеп, жылай бастады. Әлгі аятты қайта-қайта қайталап жылай берді. Мен баратын жеріме де бармай, көз алмай тыңдап қалдым. Осылайша ол таң намазына дейін жылады. Шапақ атқанда ғана, рүкүғке барып, намазын бітірді. Мен де үйге барып, дәрет алып, таң намазын оқу үшін мешітке бардым. Кейіннен күн шығып, айнала жарыққа толып, оның айналасына ілім алқасы жиналды. Мен жақындап барып жүзіне қарағанымда, жүзі нұр шашып тұрды. Сол кезде мен «Түнгі намазы көп болғанның күндіз жүзі нұрлы болады» деген хадисті есіме алдым»[2].

Имам Ағзам да түнде ұйықтамай Құран оқитын. Кейде бір аятты таңға дейін қайталап жылайтын. Оның қатты жылағанын көршілері де естіп, жаны ашитын. Иә, бәрі де осылай жылайтын. Бұл ғұмырда жүрекпен жыламаған бейбақтардың ақыретте жылайтыны сөзсіз.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жаһаннам халқы жылаумен азапталады. Олар көз жастары таусылғанға дейін жылайды. Одан кейін көздерінен аққан жастың орнына қан аға бастайды. Соңында беттеріне ойық пайда болады. Көз жастарының аққаны сонша кемелер қонса жүзер еді»[3], – дейді.

 

[1] Тирмизи, Дә’ауат, 101.

[2] Геже ибадеті, Абдулхаким Юже, Измир,49-50.

[3] Ибн Мажә, Зуһд, 38.