Сіздің қалаңыз:
Namaz saıty - QMDB
  • Tań
  • Kún
  • Besіn
  • Ekіntі
  • Aqsham
  • Quptan

Намаз жайлы

05.12.2016 24188 0 пікір

НАМАЗ – МҰСЫЛМАННЫҢ ПАРЫЗЫ

Біздің тілдік қолданысымызға парсы тілінен енген «намаз» сөзінің мағынасы – «тілеу», «дұға оқу» дегенді білдірсе, ал, шариғаттағы мағынасы – тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, ерекше қимыл-қозғалыстар мен сүрелер, дұғалар оқудан тұратын қасиетті ғибадат ұғымын меңзейді. Құран кәрімнің бірнеше аяттарында намаз оқудың парыз екені айтылады. Мысалы: «(Уа, Мұхаммед!) саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»[1]; «Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл»[2]. Соңғы аятта әр отағасының намаз оқып, бала-шаға, туған-туыстарды намаз оқуға уағыздау керектігі міндеттелген. Сонымен қатар Алланың мейіріміне бөлену үшін де намаз оқу керектігін: «Намазды толық орындаңдар да, зекет беріңдер. Әрі Пайғамбарға бойсұныңдар. Әрине (Алланың) мейіріміне бөленесіңдер»[3] – деп білдірген. Бұл намаздардың оқылатын уақыттарын белгілеп: «Расында намаз мүминдерге белгiлі уақыттарда парыз қылынды»[4] – деп бұйырған. Демек, намаздың парыз екендігіне ешкімнің де зәредей шүбә келтіре алмасы анық. Сонымен қатар намаздың парыздығы жайында Алла елшісі (ﷺ) өзінің бір хадисінде: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммедтің Алла елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, шамасы келсе қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау»[5] деген.

Намазға көңіл бөлуді осыншалықты өсиет еткен Пайғамбарымыз (ﷺ) намазды көзінің нұрына балаған. Өзі намазды шын жүрекпен, жан дүниесімен беріле оқып, рүкүғ пен сәждеде ұзақ уақыт тұратыны соншалық – аяқтары ісініп кететін кездері де болатын. соншалық – аяқтары ісініп кететін кездері де болатын.

Намаз – ақыретте ең алғаш сұралатын амал. Осыған орай Әбу Хұрайра (р.а.) мына хадисті жеткізген: «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі есепке алынатыны – намаз. Намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Ал намазы дұрыс болмаса, онда күйзеліске ұшырап, қатты қайғырады. Егер пенденің парыз амалында кемшілік болса, Хақ тағала «Нәпіл амалдары бар ма екен? Сонымен парыздарының кем-кетігін толтырсын» – дейді. Әлгінің басқа амалдары да осы тәрізді есептеледі»[6].

Абдуллаһ ибн Аммар (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Сахабалардың бірі ең ізгі амалдың не екенін білуге құмартады. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Намаз», – деп жауап қайтарады. Ізгі амал қылуды құмартқан сахаба:

– Намаздан кейінгісі қайсысы? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз бұған да:

– Намаз, – деп жауап қайырады. Үшінші мәрте:

– Одан да абзалырағы бар ма? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ):

– Намаз, – деп жауап қайырады». Пайғамбарымыз өзіне үш қайтара қойылған сұраққа бір ғана «намаз» дей отырып, намаздың аса маңызды құлшылық екенін ескерткен[7].

Демек, Аллаға иман келтірген пенденің ең маңызды құлшылығы – намаз екенін осындай хадистен аңғарамыз.

Қысқасы, бүкіл шарттарына сай толық орындалған намаз – Алла тағала жақсы көретін істердің ең мәртебелісі. Пайғамбарлардың сүннеті. Періштелердің ең сүйкімді ісі. Жер мен көктің нұры. Тән саулығының қайнар көзі. Рызық-несібенің берекесі. Дұғалардың қабыл болуына септігін тигізетін себептердің үлкені. Жан алғыш періштеге араша түсетін шапағатшы. Қабір әлемінде Нәңкір мен Мүңкір атты періштелердің азабынан құтқаратын жауап. Қиямет күнінде – жанға сая. Жәһаннам отына тосқауыл қоятын перде. (Қылдан жіңішке, қылыштан өткір) Сират көпірінен жай отындай жарқ еткізіп өткізетін пырақ. Жұмақтың кілті. Жұмақ жұртында киер тәжің. Алла Тағала мүміндерге намаздан маңызды құлшылық жүктемеген. Егер намаздан артық ғибадат түрі болғанда, Алла тағала құлдарына соны міндеттер еді. Шын мәнінде, періштелердің бір шоғыры ұдайы намаздың қиямында, тағы бір бөлігі үнемі рукуғта,  тағы бір тобы сәждеде, енді біреулері тәшәһһуд қалпында құлшылық етіп тұр. Міне, осылайша құлшылықтың хикметке толы қасиеттерін бір рәкағат намазға жинақтап, мүминдерге сыйлады. Ақиқатында, намаз – иманның басы, діннің тірегі, Исламның сөзі әрі мүміндердің миғражы».

 

[1] Анкабут, 45.
[2] Таха, 132.
[3] Нұр, 56.
[4] Ниса, 103.
[5] Бухари, Иман, 1/2
[6] Тирмизи, Сунән, 2/269.
[7] Ю. Кандеһлеви,1431.