Сіздің қалаңыз:
Namaz saıty - QMDB
  • Tań
  • Kún
  • Besіn
  • Ekіntі
  • Aqsham
  • Quptan

Нәпіл намаздар

22.05.2017 209280 0 пікір
Нәпіл намаздар

Парыз немесе уәжіп намаздардан басқа Алла Елшісінің оқыған жалпы намаздары «нәпіл» деп аталады. Бес уақыт парыз намаздармен бірге оқылатын нәпіл намаздарды жүйелі (рауатиб) сүннет намаздары делінеді. Жүйелі сүннет намаздары «мүәккад (бекітілген) сүннет» және «ғайру мүәккад (бекітілмеген) сүннет» болып екіге бөлінеді. Бес уақыт парыз намаздармен бірге оқылмайтын нәпіл намаздарға «мәндүп нәпіл» намаздары деп айтылады.

 
Жүйелі (рауатиб) сүннет намаздар
 
Мүәккад (бекітілген) сүннеттер

 

Бес уақыт намаз, жұма намаздарымен бірге оқылатын нәпіл намаздардың бір бөлімі – мүәккад сүннеттер. Алла Елшісі былай дейді: «Әрбір адам күнделікті парыз намаздарынан тыс он екі рәкат намаз оқыса, Алла оған жәннатта бір үй салады. Бұлар мына намаздар: Таң намазынан бұрын – екі рәкат, бесіннен бұрын – төрт рәкат, бесіннен кейін – екі рәкат, ақшамнан кейін – екі рәкат және құптаннан кейін – екі рәкат»[1].

Бұлар аса маңызды сүннеттер. Сондықтан Алла Елшісі (ﷺ) таң намазы жайында: «Сендерді аттылар (жау) қуса да, таң намазының екі рәкат сүннетін тастамаңдар»[2]– деген.

Жұманың алдындағы және соңындағы төрт рәкат намаз – мүәккад сүннет.

Мүәккад сүннеттердің бірі – тарауих намазы. Бұл намазды жамағатпен оқу – сүннет. Бұл намаз Рамазан айында құптан намазынан кейін үтірден бұрын оқылады. Осы намазды жамағатпен оқу – кифая (жалпылама) сүннет. Бұл намазды адам жеке өзі оқи алады. Бірақ жамағатпен оқу абзал. Тарауих намазы – жиырма рәкат. Әрбір төрт рәкат намаздан кейін дем алынып, бой жазылғаны үшін «тарауих» деп аталған. Яғни, тарауих – дем алу, тынығу деген сөз. Тарауих намазының әр екі рәкатында сәлем беріп оқу абзал. Бірақ төрт, сегіз, он, тіпті жиырма рәкаттан кейін де, сәлем беруге болады. Ханафилер тарауих намазының санын Хазіреті Омардың жасағанына қарай орындайды. Хазіреті Омар халифа болған кезінде жиырма рәкат оқытқан.

 
 
Мүәккад болмаған (бекітілмеген) мәндүп сүннеттер

 

Алла Елшісінің көбінесе оқыған, бірақ кейде оқымаған сүннеттері мыналар:

  1. Бесін намазынан кейінгі екі рәкаттан бұрын оқылатын қосымша екі рәкат.
  2. Екінті намазынан бұрын оқылатын төрт рәкат намаз. Бұл жайында Алла Елшісі былай дейді: «Екінті намазынан бұрын төрт рәкат намаз оқыған адамға Алла рақым етсін»[3].
  3. Құптан намазынан бұрын оқылатын төрт рәкат намаз.
  4. «Әууабин» намазы: Бұл – Аллаға көп тәубе етуші адам деген сөз. Ақшам намазынан кейінгі екі немесе үш сәлеммен оқылатын алты рәкат намаз. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Кімде-кім ақшам намазынан кейін алты рәкат намаз оқыса, Алла күнәларын теңіз көбігіндей болса да кешіреді»[4]. Бұлардың бәрі – парыз намаздарға қосымша нәпіл намаздар.

 

[1] Тирмизи, Салат, 189.

[2] Ханбәл, ІІ, 405.

[3] Тирмизи, Салат, 301.

[4] Мәжмау'з – Зауаид, ІІ, 230.