Сіздің қалаңыз:
Namaz saıty - QMDB
  • Tań
  • Kún
  • Besіn
  • Ekіntі
  • Aqsham
  • Quptan

ЖАМАҒАТПЕН НАМАЗ

03.04.2017 59885 0 пікір
ЖАМАҒАТПЕН НАМАЗ

Ислам діні – жамағат діні. Сондықтан жамағатпен намаз оқуды өте жоғары бағалаған. Ханафи мәзһабында ер кісілердің бес уақыт парыз намазды жамағатпен оқулары – бекітілген сүннет. Тіпті басқа мәзһабтардағы кейбір ғалымдар парыз деп үкім берген. Екі кісі болса да намазды жамағатпен оқу керек. Жамағатпен намаз оқу арқылы мұсылмандар бір-бірімен танысып, араларында жылы қарым-қатынас күшейеді. Періштелер сияқты Алланың құзырына сап құрып, жамағатпен оқылған намаздың сауабы, жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық. Пайғамбарымыз (ﷺ) жамағатпен намаз оқудың сауаптылығын көптеген хадистерінде білдірген. Мысал ретінде:

«Жамағатпен оқыған намаздың сауабы жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық».

«Кімде- кім құптан намазын жамағатпен оқыса, түн ортасына дейін намаз оқығандай сауап алады. Таң намазын да жамағатпен оқыса түні бойы намаз оқығандай сауап алады».

«Адамдар егер алдыңғы саптың қаншалық сауаптылығын білгендерінде, алдыңғы саптан орын алу үшін араларында жеребе тастауға дейін баратын еді».

«Намазды алғашқы уақытында оқудың сауабын білгендерінде ол үшін жарысар еді. Құптан намазы мен таң намазының кереметтігін білгендерінде, еңбектеп болса да, бұл намаздарды жамағатпен оқуға келетін еді».

Саптардың ең сауаптысы – ең алғашқы сап. Одан кейін ретіне қарай келесі саптар.

Әйел адамдар мешітке барып жамағатпен бірге намаз оқуларына болады. Бірақ үйде оқулары абзал. Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл жайлы: «Әйелдердің мешітке баруларына бөгет болмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке баруларынан да абзал», – дейді.

Жамағат намазда саптың реті

Екі адам намаз оқыған уақытта біреуі имам болып, екіншісі оң жағына тұрып, аяғының өкшесі имамның аяғының өкшесінен кейін тұру керек. Бір адамның имамның артына немесе сол жағына тұруы – мәкрүһ. Имамға ұйыған адам әйел кісі болса, имамның артына

тұрады. Жамағат екеу яки одан да көп болса, имамның артына тұрады. Жамағаттың біреуі ер кісі, екіншісі әйел болса, ер кісі имамның оң жағына, әйел арт жағына тұрады. Имамнан басқа екі ер кісі және бір әйел кісі болса, ер кісілер имамның артына, әйел ер кісілердің артына тұрады. Екі адам жамағат болып намаз оқып жатқан уақытта, үшінші адам келіп, имамның оң жағындағы адамды артқа тартып, имамның артында бірге намаз оқуларына рұқсат.

Намаздың жамағатпен оқылу үлгісі

Жамағаттың әрбірі имамға ұюға ниет етеді. Мысалы: «Бүгінгі бамдат намазының парызын өтеуге ниет еттім. Ұйыдым имамға». Одан кейін имам қолдарын көтеріп, жария түрде «Аллаһу әкбар» деп намазды бастайды. Жамағат қолдарын көтеріп, құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, имаммен бірге намазға бастайды. Имам мен жамағат «субханаканы» жасырын оқиды. Имам құпиялай ә’узу мен Бисмилланы оқып, әрі қарай жариялай «Фатиха» және қосымша сүре оқиды. Имам бамдат, ақшам және құптан намазының алғашқы екі рәкатында және үтір намазының үш рәкатында, жұма мен айт намазының барлық рәкаттарында «Фатиха» мен оған қосымша аяттарды жамағат еститіндей жария оқиды.  Тәкбірлер мен «сами’ Аллаһу лимән хамидаһты» және де сәлемді жария айтады. Ақшам намазының үшінші және құптан намазының үшінші, төртінші рәкаттары мен бесін, намаздыгер намаздарының барлық рәкаттарындағы тәкбірлер мен «сами’ Аллаһу ли мән хамидаһ» сөзін және сәлемдерді жария түрде, ал «субханака» мен қырағатты құпия оқиды. Имам бамдат намазының алғашқы рәкатындағы аяттарды, екінші рәкатта оқитын аяттардан екі есе көп оқу керек. Бұл – сүннет. Жамағаттың алғашқы рәкатқа жетуіне көмектеседі. Жамағат тәкбірлерді құпия айтады. Имам рүкүғтен тұрған кезде жариялай «сами’ Аллаһу лимән хамидаһ» деп, құпиялай «Раббәнә уә ләкәл-хамд» дейді. Жамағат құпиялай «Аллаһумма Раббәнә уә ләкәл-хамд» немесе «Раббәнә уә ләкәл-хамд» дейді. Одан әрі рүкүғ пен сәждеде бәрі бірге құпиялай тәсбихтарды айтады. Имам сәлемді жария түрде, жамағат құпия түрде береді. Имам да, жамағат та «әминді» құпиялай айтады. Имам сәлем бергеннен кейін мына дұға оқылады.

أللهُمَّ اَنْتَ السَّلامُ وَ مِنْكَ السَّلامُ تَبارَكْتَ يا ذَالْجَلالِ وَ الاكْرَامِ

«Аллаһумма әнтәс-сәләәм уә минкәс-сәләәм тәбәәрактә иәзәл-жәләәли уәл-икрәәм» дейді. Мағынасы: «Аллаһым! Сен сәлемсің. Сәлем сенен. Сен күллі нұқсандық атаулыдан пәксің. Дүние мен ақырет сәлеметі мен бейбітшілігі сенің көмегіңмен ғана болады. Нағыз қасиетті, Сенсің. Ей, құдірет пен жомарт иесі, Раббым»

Бұнан кейін имам мен жамағат құпиялай «Аятул-күрсіні» оқиды да, отыз үш рет «Субханаллаһ», отыз үш рет «Әлхамдулилләһ», отыз үш рет «Аллаһу әкбар» тәсбихатын жасайды.

Бұдан кейін:

لاَ اِلَهَ اِلاَّ اللهُ وَحْدَهُ لاَ شَريكَ لهُ لهُ الْمُلْكُ وَ لهُ الْحَمْدُ وَ هُوَ عَلىَ كُلِّ شَيْءٍ قَديرٌ

«Ләә иләһә иллАллаһу уахдаһу ләә шәрикә ләһ. Ләһул-мулку уә ләһул-хамду уә һуә а’лә күлли шәй’ин қадиир» дұғасын оқып, имам мен жамағат дұға жасайды. Мағынасы: «Алладан басқа құдай жоқ. Ол – жалғыз. Оның теңдесі мен серігі жоқ. Күллі мүлік иесі – Ол ғана. Мадақ Оған лайық. Ол барлық нәрсеге күші жетуші, аса құдіретті». Жеке намаз оқығандар да осыны оқи алады.